«Арқанкерген» шекара қосынында мерт болған екі жамбылдықтың ата-аналары Астанаға, мәйітті тануға келді

ТАРАЗ. 5 маусым. ҚазАқпарат - «Арқанкерген» шекара қосынында қаза тапқан екі жамбылдықтың ата-аналары Астанаға, мәйітті тану үшін келді, деп хабарлады Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

«Қазіргі уақытта екі шекарашының туған-туыстары Астанаға жол жүріп кетті, сол жерге мерт болғандардың мәйіттері жеткізіліп, генетикалық сараптама өткізілуде. 2 шекарашы Жамбыл облысынан шақырылған болатын», - деді өңір әкімінің баспасөз хатшысы Асқар Жәлдінов.

Оның сөзіне қарағанда, табылған мәйіттер жамбылдық әскерилерге тиесілі екендігі анықталған жағдайда, олардың есімдері мен фотолары жарияланатын болады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 30 мамырда ҚР ҰҚК шекара қызметінің "Шығыс" өңірлік басқармасы Үшарал шекара отряды "Сары бөктер" заставасының наряды тауда жазғы уақытта өртенген 15 шекарашы қызмет атқаратын "Арқанкерген" шекара қосынының үстінен шыққан. Онда жанып кеткен 14 шекарашы мен бір қорықшының мүрдесі табылған болатын.

4 шекарашы Атырау облысынан, 3-уі Алматы облысынан, екі екіден Ақтөбе және Қарағанды, Жамбыл облыстарынан шақыртылған, бір-бір адамнан Батыс Қазақстан мен Павлодар облыстарынан болған.

Қазіргі уақытта Елбасының тапсырмасымен арнайы комиссия «Арқанкерген» шекара қосынында орын алған қайғылы оқиғаны тексеруде. Бас әскери прокуратура қылмыстық іс қозғады, тексеру жұмыстарына ІІМ, ҰҚК және Бас прокуратураның тәжірибелі қызметкерлері тартылды.

Үкімет қаза болғандардың отбасыларына қажетті көмек пен қолдау көрсетуде.