«Арқанкерген» шекара заставасына барғаннан кейін Мейірхан Именовтың туыстарында сұрақтар көбейе түсті

None
АТЫРАУ. 2 тамыз. ҚазАқпарат - «Арқанкерген» шекара заставасына барғаннан кейін Атырау облысының Індер кентінен әскерге шақырылған Мейірхан Именовтың туыстарында сұрақтар көбейе түсті,

деп хабарлады шекарашының әкесі Сағындық Именов.

Мейірхан Именовтың тағдыры басты сұрақтардың бірі болып отыр. Айта кетейік, оның қаза тапқаны ресми түрде расталған жоқ.

«Мен бұл сапардан өзіме қажетті сұрақтарға жауап аламын деп ойладым. Ұлым туралы қандай бір ақпарат естуге үміттендім. Дегенмен біз қойылған сұрақтардың ешқайсысына жауап алмадық. Мәселен, заставада шын мәнісінде не болды? Германияда жүргізіліп жатқан шекарашылардың мүрделерін тану бойынша талдау неге ұзаққа созылып жатыр? Ұлым кей кездері аспаз не болмаса басқа қызметкерлердің ұялы телефондарынан хабарласатын, мен оларды заставада іздеп едім, ешқайсысын таппадым. Естеуім бойынша, олардың барлығын жұмыстан қуып жіберген», - деп хабарлады С. Именов «Ақ Жайық» газетіне берген мәлімдемесінде.

Әкесінің сөзіне қарағанда, күдік одан сайын арта түсті. Бұған дейін шекара заставасына көлікпен жету мүмкін еместігі хабарланған болатын. Алайда шекараға жететін жолдың бары анықталды.

«Біз келген жер заставаға мүлдем ұқсамайды, біреудің жеке меншігі сияқты. Біз бұл жерден кілттенген екі бос үйді көрдік. Менің ойымша бұл жерде біздің балалар шекараны емес, біреудің меншігін күзетіп, жұмыс істеуге келген. «Әке, мен «Арқанкергенге» барамын, ол жерде тыныш әрі жанға жайлы жер, бірақ жұмыс істеуге тура келеді»,  - деп айтқан ұлымның соңғы сөзі әлі есімде», - деді С. Именов.

Сарбаздың анасы Айгүл Бақтыгереева ұлының әлі де тірі екеніне, бірақ қамауда отырғанына сенімді.

Естеріңізге сала кетейік, 30 мамырда ҚР ҰҚК шекара қызметінің «Шығыс» өңірлік басқармасы Үшарал шекара жасағы «Сары бөктер» заставасының наряды тауда жазғы уақытта 15 шекарашы қызмет атқаратын «Арқанкерген» шекара бекетінің өртенген ғимаратын көрген. Тексеру барысында жанып кеткен 14 адамның, оның ішінде бекет жанында орналасқан аңшылық шаруашылығы қорықшысының мәйіті табылды. Шекарада табылған мүрделердің 11-і ғана танылды. Алматы, Павлодар және Атырау облысынан шақырылған 3 сарбаз - Рүстем Ақылбаев, Денис Рей мен Мейірхан Именовтың мүрделері әлі танылған жоқ.