Әркім істеген қылмысы үшін жауап беруі тиіс – тергеуші-әйел

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Қоғамда күш-жігерді, табандылық пен еңбекқорлықты қажет ететін мамандықты меңгеріп, ерлермен иық тіресе елге қызмет етіп жүрген қыз-келіншектер аз емес. Тергеуші - қалтарысы көп, тіпті ер адамға да ауыр соғатын кәсіптердің бірі.

Фото Әлия Ешпенованың жеке мұрағатынан

Петропавл тұрғыны Әлия Ешпенова осы мамандықты жастайынан армандап, адамның тағдырын шешетін жүгі ауыр жұмыста нәтижелі еңбек етіп жатыр. Бүгінде полиция подполковнигі шеніне дейін көтерілген білікті маманмен ҚазАқпарат тілшісі сұхбат құрған еді.

Әлия Русланқызы, алғашқы жұмыс күніңіз есіңізде ме ? Қандай қылмыс бойынша шақыртуға бардыңыз?

Әрине, есімде. Ұмытылмайтындай болды ғой. Жұмысқа орналасу туралы бұйрық шығысымен-ақ, тәуліктік кезекшілікке түстім. Сол күні кенеттен қайтыс болған зейнеткер әйел бойынша шақырту түсті. Бұған дейін мен мәйітті ұстап көрмеп едім. Қорықсам да, тиісті жұмысты атқардым.

Сол күні Петропавлдағы Жамбыл көшесіндегі 7 көліктің тоналғандығы туралы хабарлама түсті. Шақыртуға мені жіберді. Зардап шеккен жеті адаммен 5 сағат жұмыс істедім.

Ал, ең қиын тигені – жас жігіттің өз-өзіне қол салып, басына мылтықпен атуы. Бұл оқиға да сол 2006 жылы болды. Оқиға орнына келгенде алдымдағы көріністен шошып кеттім.

Шашыраған қаннан аяқ алып жүре алмайсың. Тіпті, пәтердің төбесіне де миы жабысқан ғой. Амал жоқ, эмоцияға ерік бермей, бар күш-жігерімді жинап, іске кірістім. Өйткені, моральді-психологиялық тұрғыда мен мұндайға дайын едім. Бізді кез-келген жағдайда жұмыс істеуге үйретті.



Уақыт өте келе мұндайға адамның еті үйренетін шығар, қазір қалай қабылдайсыз ?

Ия, әрі тәжірибе жиналады ғой. Ең бастысы, жүрекке жақын алмау керек, әр оқиғаны эмоциямен қабылдайтын болсаң, бұл жерде көпке бармайсың. «Бұл менің жұмысым, адамдарға көмегім керек, бұл – менің қызметтік міндетім» деп іске кірісесің. Қазір бұл салада еңбек етіп жатқаныма 17 жыл.

Заттай айғаққа оқиға орнынан табылған заттың бәрі жатады ма ?

Айғақты затқа аса ұқыптылықпен қарау керек. Біздің жұмыста ұсақ-түйек болмайды. Оқиға орны жасалған қылмыс жайында көп мәлімет беруі мүмкін, сондықтан болмашы нәрсе көрінген зат та назардан тыс қалмайды. Біздің мұндайда ең басты міндетіміз – қылмыс құралын табу.

Тергеушінің жалпы жұмысы туралы айтып беріңізші?

Полиция бөлімінің кезекші бөлімшесінен қылмыс туралы хабарлама түсісімен біз оқиға орнының қорғалуын қамтамасыз етуіміз қажет. Мәселен, кісі өлтіру қылмысы болды, заттай айғақтар жоғалмауы үшін, полиция қызметкерлері оқиға орнын күзетеді. Бұдан кейін тергеуші кезекшіге қылмыс болған жерді қарап шығу үшін қандай мамандар қажет екенін айтады, әдетте олар сот-медицина сараптамасының маманы және криминалист маман. Тергеуші келгенге дейін куәгерлерді дайындап қоюлары қажет. Бірақ, іс жүзінде дәл осылай бола бермейді. Жалпы қылмыс орнын қараудың арнайы әзірленген әдістемесі бар. Кісі өлімі, зорлық немесе тұлғаға қатысты басқа да қылмыс жасалғанда оқиға орнын сапалы қарап шығу қажет. Бұл өте маңызды. Көп жағдайда қылмыстық істі тергеу және оны сотта қарау нәтижесі осы оқиға орнын қарау сапасына байланысты болады.



Ал қылмысқа күдікті оқиға орнында ұсталса, бұл біздің жұмысымызда аздап болса да жеңілдетеді. Ұсталған адамға оның құқығын түсіндіреміз, прокуратурамен келісе отырып, жауап аламыз. Тергеу барысында күдікті 72 сағатқа уақытша ұстау изоляторына қамауға алынады. Кейін сот арқылы бұлтартпау шарасы қолданылады.

Ал тікелей тергеушінің жұмысы – дәлелдемелерді жинау. Қылмыстық-процессуалдық заңнама бойынша, біз куәгерлерден жауап аламыз. Зардап шегуші мен күдіктінің аты-жөнін анықтап, олар туралы мәлімет жинаймыз. Қайда жұмыс істейді, қылмыс жасалған күні қайда болды, оның алдындағы тәулікте не істеді, кіммен кездесті, тағысын тағылар. Қажетті сараптамаларды тағайындаймыз.

Алдыңызда отырған сотталушыны аяйтын кездеріңіз болды ма ?

Түрлі оқиғалар болады, абайсызда жасалатын қылмыстар бар немесе тығырыққа тіреліп, адасқаннан баратындар болады, адам болғаннан кейін аяйсың, бірақ әркім істеген қылмысы үшін жауап беруі тиіс. Бірде, ақыл-есі ауысқан сотталғанды тергедім. Оны денсаулығындағы кінәратқа байланысты ешкім жұмысқа алмады, қиын жағдайға тап болып, жоқтықтан бірнеше рет ұрлыққа барған екен. Мен ол кісіні аядым, бірақ, әділдік орнауы керек. Істеген қылмысы үшін түрмеге отырды. Кейін естідім, ол камерада өз-өзіне қол салыпты.

Осы мамандықты таңдағаныңызға өкінген кездеріңіз болған жоқ па ?

Жоқ, өкінген емеспін. Өйткені әдемі форма киіп, қылмыстарды ашу -менің бала кезгі арманым болатын. Жүрек қалауымен келдім. Жұмыс қиын, меніңше, қай салада болмасын өз қиындығы бар. Бірақ істеген ісіңді ұнатсаң, ол қиындық байқалмайды.



Ішкі істер органдарында әйелдерге жұмыс істеу ерлерге қарағанда қиын емес пе? Бұл салада еңбек ету үшін қандай қасиеттерге ие болу қажет ?

Әрине, біздерге қиынырақ, себебі, отбасындағы жағдай, көңіл-күй әйелдерге байланысты. Үйге кіргенде сырттағы жұмысты, бар мәселені далада қалдыруға тырысасың. Тамақ пісіру, кір жуу, бала бағу, тәрбиелеу, сабағын оқуға көмектесу. Мұның бәрін еңсеру үшін сені қолдайтын, түсінетін, көмектесетін, қиын кезде жаныңнан табылатын азаматың болуы керек.

Ал, бұл салада қандай да бір жетістікке жету үшін еңбекқор болу қажет. Сондай-ақ, сабырлы болу, ұқыптылық, шыдамдылық, сараптай білу. Тергеуші, ол әрі - психолог, әр адамның ыңғайын, әрі тілін таба білу міндет.

Қазір Сіздің міндетіңізге не кіреді?

Мен қазіргі уақытта Петропавл қалалық полиция басқармасының ұйымдастыру-аналитикалық жұмыс тобында аға тергеуші болып еңбек етемін. Қылмыстық істерді қарап, оларды тергеу уақытына мониторинг жүргіземін. Басқа күш құрылымдарымен байланыс орнатып, Заңның бұзылмауын қадағалаймын.



Мереке қарсаңында қыз-келіншектерге, аналарымызға қандай тілек жолдайсыз ?

Әйел адам өз-өзімен үйлесімде болса екен деймін, сонда оның қолынан келмейтін іс жоқ, бұл менің өмірлік ұстанымым. Жақсы көріңіздер, махаббат тек ер адамға ғана қатысты емес, Отанымызды, атқарып отырған жұмысыңызды, өмірді сүйіңіздер!



Рахмет!