Әркімнің еңбек ету құқығы конституциялық деңгейде бекітіледі - депутат
АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа Конституция жобасында маманның өзін-өзі қалыптастыруына және кәсіби өсуіне кепілдік берілген. Бұл туралы Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның отырысында Мәжіліс депутаты Максим Рожин мәлім етті.
- Депутаттар өңірлерге сапармен барғанда, өндіріс орындарында жұмысшылармен кездеседі. Сол кезде әңгіме нақты мәселелер айналасында өрбиді. Бұл ретте өндіріс қауіпсіздігі, әділ жалақы, тозығы жеткен жабдық, төленбейтін артық жұмыс сағаты, өз құқығын қорғау мәселесі көтеріліп жатады. Бүгінде комиссияда талқыланып жатқан жаңа Конституцияның нормалары дәл осы адамдар үшін нақты маңызға ие. Еңбек адамы - экономиканың құралы емес, мемлекеттің - басты құндылығы. Жаңа Конституция жобасының негізгі идеясы - мемлекет үшін қымбаты өндіріс көлемі немесе пайда емес, адамның өзі. Жобада әркімнің еңбек етуі, қауіпсіз жағдайда жұмыс істеуі, әділ жалақы алу құқығы конституциялық деңгейде бекітіледі, - деді Максим Рожин.
Осы орайда ол жаңа Ата заң жобасында бұл мәселеге тікелей қатысты маңызды жаңалықтар бар екенін атап өтті. Құқықтық жүйеде еңбекқорлық пен еңбекке құрмет құндылықтарын бекіту, бұл жай ғана идеологиялық ұран емес. Бұл – әлеуметтік тұрақтылық пен әрбір адамның жеке қадір-қасиетінің берік іргетасы.
- Мемлекеттің еңбек ету құқығын Конституциялық деңгейде бекітуі - еңбек адамын экономикалық және қоғамдық өмірдің белсенді қатысушы ретінде мойындауының көрінісі. Бұл, ең алдымен, ертеңгі күнге деген сенім, маманның өзін-өзі қалыптастыруына және кәсіби өсуіне жігер береді, - деді депутат.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Kazinform агенттігінің қазақ және орыс тіліндегі Telegram арнасында Конституциялық комиссия отырысынан мәтін трансляциясы болады.