«Арлан» Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атануға жақын

Фото: Фото: «Арлан» хоккей клубы

АСТАНА. KAZINFORM - Көкшетаулық «Арлан» шайбалы хоккейден Қазақстан чемпионаты плей-офф сатысының финалдық кезеңінде үшінші ойын қатарынан өскемендік «Торпедодан» басым түсті.

Бүгінгі ойында көкшетаулық команда тізгінді қолға ұстауға тырысты. Нәтижесінде олардың қатарынан Данил Парамонов 6, 8-минутта екі мәрте көзге түссе, 21-минутта Владимир Боровков есепті үстемелей түсті.

Оған «Торпедо» сапынан Илья Кляузов 53, Евгений Сулимов 59-минутта екі голмен жауап қайырды. 

Осылайша «Арлан» қарсыласынан 3:2 есебімен асым түсіп, плей-офф сатысындағы жағдайын жақсарта түсті. 

Көкшетаулық клуб бұдан бұрын аталған қарсыласынан екі мәрте (6:3, 9:2) басым түскен еді. Енді 15 сәуірде жеңіске жетсе, «Арлан» Қазақстан чемпионатының биылғы жеңімпазы атанады.
Қазақстан чемпионаты 1992 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қазірге дейін жеңімпаз атағына өскемендік «Торпедо» 13 мәрте ие болса, одан кейін «Бейбарыс» (Атырау) - 4, «Ертіс» (Павлодар) мен «Сарыарқа» - 3, «Барыс» (Астана), «Номад» (Астана), «Арлан» (Көкшетау) -2,«Қазақмыс» (Сәтпаев) пен «Болат» (Теміртау) -1 мәрте жеңіс тұғырына көтерілді.

Еске салсақ, бұдан бұрын әлем чемпионатында хоккейден Қазақстан әйелдер құрамасы екінші мәрте жеңілді.