«Арландар» төртінші жеңісіне жетті

АСТАНА. 15 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бокстан «Астана арланс» командасы Алматыда «Милан найзағайларымен» кездесу өткізіп, жеңіске жетті. Есеп - 3:2.

«Аламан» агенттігінің жазуынша, алғашқы матчта Бағдат Әлімбеков (54 кг)  италиялық Даниеле Лимонемен кездесті. Кездесуде біздің боксшы белсенді қимылдады. Соңында үш төреші де Бағдатты жеңімпаз деп таныды - 3:0 (50:45, 49:46, 48:47)

Екінші кездесуде ирландиялық «арлан» Эрик Донован (61 кг) сербиялық «найзағай» Бранимир Станковичтен басым түсті - 48:47, 50:45, 48:47

Үшінші жекпе-жекте украиналық Сергей Деревянченко француз Мишель Тавареске еш мүмкіндік берген жоқ - 50:45, 49:46, 50:45

Төртінші кездесуде былтыр «Астана арланы» болған алжирлік Абделхафид Беншабла өзбек Рамжон Ахмедовты ұтып, қарсыластарға алғашқы ұпайды сыйлады - 48:47, 49:46, 50:45

Соңғы кездесуде де қонақтар басым түсті. «Найзағай» Тони Йока Михай Нисторды ұтып кетті - 49:46, 46:48, 46:49

«Астана арландары» келесі тартысында 12 қаңтар күні немістің «German Eagles» командасымен кездеседі.