Арман Дунаев - «Қазақстан халық банкі» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі

АЛМАТЫ. 13 қыркүйек. ҚазАқпарат - Арман Дунаев «Қазақстан халық банкі» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланды.

Банктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл шешім құрамынан Қадыржан Дамитовтың өз бастамасымен кетуіне байланысты 10 қыркүйекте Директорлар кеңесінің бастамасымен шақыртылған акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысында қабылданған. Онда банк акционерлері Арман Ғалиасқарұлы Дунаевты тәуелсіз директор ретінде Директорлар кеңесінің мүшелігіне қосымша сайлау және оның өкілеттік мерзімін сайланған сәттен бастап Директорлар кеңесінің әрекет етіп отырған құрамының өкілеттік мерзімі өткенше белгілеу туралы шешім шығарған. Ағылшын тілін жетік меңгерген экономика ғылымдарының кандидаты А.Ғалиасқарұлы 1966 жылдың 7 қазанында Талдықорған облысы Гвардейский ауданының Қоғалы ауылында дүниеге келген. 1988 жылы саяси экономия мамандығы бойынша С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия-экономика факультетін үздік бітірген ол, еңбек жолын Жамбылдың гидромелиоративті-құрылыс институтының кафедрасында ғылыми қызметкер ретінде бастады. Сол жылы Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасының күндізгі бөліміне аспирант ретінде қабылданып, 1992 жылы кандидаттық диссертациясын қорғады. Мемлекеттік органдар мен қаржы саласында жұмыс тәжірибесі мол.