«Арман қалам - Астана» балалар суреті байқауы жарияланды

АСТАНА. 31 мамыр. ҚазАқпарат - Ертең, 1 маусым күні Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық «Арман қалам - Астана» балалар суреті байқауының аралық қорытындысын шығарады.

Байқаудың басты мақсаты жас буынды патриоттық тұрғыда тәрбиелеу, өз елі үшін мақтаныш сезімін қалыптастыру, ортақ құндылықтарға және ұлттық бірлікке баулып, тәрбиелеу, сонымен қатар, балалардың шығармашылық әлеуетін ашуға жәрдемдесу болып табылады. Аталған шарапатты шара сурет салу саласында көзге түскен дарынды балаларды анықтап, олардың дамуына жағдай жасауда, шығармашыл жастарды әлеуметтік баспалдақтар арқылы өрлетуде Қазақстан халқы Ассамблеясы жүргізіп келе жатқан жұмыстардың жалғасы іспетті.

Байқау екі кезең бойынша өтеді: І кезең - Балаларды қорғау күніне арналған (2012 жылдың 1 маусымы) өңірлік (іріктеуші), ІІ кезең - Астана қаласында Елорда күнін мерекелеуге арналған (2012 жылдың 2 шілдесі) республикалық (қорытынды) сайыс.

Жоба аясында ағымдағы жылдың 1 маусымында Қазақстанның барлық облыс орталықтарында және Түркістан, Семей қалаларында Балаларды қорғау күніне орайластырылған байқаудың іріктеу сайысы балалардың үздік жұмыстары көрмесімен аяқталды. Шараға облыс, қала әкімдері, ҚХА-ның өңірлердегі хатшылықтары меңгерушілері, этно-мәдени бірлестіктер өкілдері, білім беру департаменттерінің жетекшілері, «KazMicroFinance» микрокредиттік ұйымы филиалдарының директорлары және БАҚ қатысты.

Байқауға жалпы білім беру мектептерінде, өнер мектептерінде, қосымша білім беру мекемелерінде және т.б. оқудағы 6-14 жас аралығындағы балалардың жұмысы ұсынылды.

Өңірлік байқаудың қорытындылары бойынша жеңімпаздарға І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдар және бағалы жүлделер тапсырылады. Сонымен қатар, барлық қатысушылар бас демеуші «KazMicroFinance» микрокредиттік ұйымынан сыйлықтар алды.

Өңірлердің жеңімпаздары 2012 жылдың 2 шілдесінде өтетін және Астана күнін мерекелеуге арналатын байқаудың ақтық кезеңіне қатысу үшін Астана қаласына шақырылады.