Арман Мыса дзюдодан әлем чемпионатының жүлдегері атанды

Фото: ҚР Дзюдо федерациясы

АСТАНА.KAZINFORM – Болгарияның София қаласында жасөспірімдер арасында дзюдодан әлем чемпионаты басталды.

Жарыстың алғашқы күнінде қазақстандық жас дзюдошы Арман Мыса (-50 кг) қола медаль жеңіп алды.

ҚР Дзюдо федерациясы мәліметінше, 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен ол бүгін бес кездесу өткізіп, оның төртеуінде жеңіске жетті.

Іріктеу кезеңінде тайпейлік Шин Юн Чиенді, америкалық Самуэль Абдумаликті және әзербайжандық Анар Гулиевтен басым түсті. Ал жартылай финалда ол өзбекстандық Хушнуд Султановқа жол берді.

Алайда қола үшін белдесуде венгриялық Милан Цабоны сенімді түрде жеңіп, әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Айта кетерлігі, жасөспірімдер арасындағы дзюдодан әлем чемпионаты 30 тамызға дейін жалғасады. Жарысқа әлемнің 71 елінен 551 дзюдошы қатысып жатыр.

Дзюдошы Арман Мұса кадеттер арасындағы әлем чемпионатында қола медаль үшін белдесетінін жазған едік.