«Сұңқар» деген лақап атпен танымал болған бауырымыз бір спорт түрін ғана емес, жауынгерлік самбо, ережесіз жекпе-жек пен джиу-джитсуды да терең меңгерген спортшы. Жауынгерлік самбодан өткен әлем чемпионатының үш дүркін чемпионы атанса, джиу-джитсуден Азия біріншілігінде де бірнеше мәрте жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінген. Ал «Алаш прайд» клубында ережесіз жекпе-жектен көптеген аса ірі халықаралық турнирлерде топ жарды. Ол 1989 жылдың 7 желтоқсанында Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданында дүниеге келген.
Арман Оспанов спорт табалдырығын самбо мен дзюдодан бастап, кейін ережесіз жекпе-жекке бір жола бет бұрды. Ол осыған дейін көптеген жаттығуларын АҚШ-тағы әйгілі Грег Джексонның залында жаттыққан болатын.
Енді, Оспанов АҚШ-тағы әйгілі WSOF ұйымымен келісімшартқа отырды. Бұл АҚШ-тағы ең беделді ұйымдардың бірі. Бүгінгі таңда өзінің беделі жағынан олар Bellator нұсқасынан еш кем түспейді. Және де олардың UFC мен WSOF арасында іскерлік және достық қарым-қатынас орнаған. Сондықтан бауырымыздың бұл ұйымға келісімшартқа отыруындағы мақсаты осы ұйымда өнер көрсете жүріп, өзінің мықтылығын мойындату.