Арман Оспанов та әскери самбодан екінші мәрте әлем чемпионы атанды!

АСТАНА. ҚазАқпарат - Марокконың Касабланка қаласында мәреге жеткен самбодан әлем чемпионатында қазақстандық Арман Оспанов 68 келі салмақта ресейлік Рашад Мурадовпен финалда күресті.

Халықаралық самбо федерациясының ресми сайтынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, тартысты өткен Арман мен Рашадтың бәсекесі 1:1 есебімен тең аяқталды. Бірақ соңғы ұпайды А.Оспанов алғандықтан, ол жеңімпаз атанды. Сөйтіп Арман Оспанов 2014 жылы Жапонияның Нарита қаласында өткен әлем біріншілігіндегі чемпиондық атағын бұл жолы да сақтап қалды. Еске сала кетейік, бұған дейін осы дүниежүзілік додада Бейімбет Қанжанов спорттық самбодан, Алмас Сүлейменов әскери самбодан әлем чемпионы атағына қол жеткізген болатын. Сондай-ақ батысқазақстандық Темірлан Ихсанғалиев әскери самбодан күміс жүлдені еншіледі. Спорттық самбодан Есет Қуанов үшінші орынға көтерілсе, әйелдер арасында Айгүл Байқұлова мен Гауһар Тұрмаханова күміс, Ділдәш Құрышбаева қола медальді иеленді. Сөйтіп Қазақстан құрамасы бұл әлем чемпионатынан үш алтын, сонша күміс, қос қола жүлдені қоржынға салды.