Арман Оспанов WSOF-пен келісімшартқа отырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жауынгерлік самбодан үш дүркін әлем чемпионы Арман Оспанов АҚШ-тың белді тұжырымы World Series of Fighting -пен келісімшартқа отырды. Бұл туралы «Alash Pride» жекпе-жек клубының президенті Данияр Қасқарауов мәлім етті.

«Көптен күткен жақсы хабар, Арман бүгiн АКШ-та мықты ұйым WSOF-пен келісімшартқа қол қойды, жақында Арман елге келiп, жұмыс визасын ашқаннан соң, алғашқы кездесудiң уақытын хабарлаймыз! Бұл UFC-ға барар ең жақын жол! Қалған жаңалықтарды алдағы уақытта хабарлайтын боламыз!!!», - деп атап өтеді клуб басшысы өзінің Фейсбуктегі парақшасында.

Айта кеткен жөн, WSOF - UFC мен Bellator-дан кейінгі ең ірі деген үшінші промоутерлік. Ол жерде Андрей Арловский мен Энтони Джонсон сияқты жігіттер өнер көрсеткен.

Құрылғанына төрт жыл болған World Series of Fighting (WSоF) бүгінгі күнге дейін 40 турнир ұйымдастырды. Штаб пәтері АҚШ, Невада штаты, Лас Вегас қаласында орналасқан. Аталмыш тұжырымда әлемдік аралас жекпе-жектің тісқаққан майталмандары өнер көрсетеді. UFC нұсқасында жүрген беларусь жігіті Андрей Арловский мен америкалық сайыпқыран Энтони Джонсон да осы WSOF-да бірнеше жекпе-жек өткізген.

WSoF-тың алдағы турнирлері 12 қараша (Колорадо штаты), 3 желтоқсан (Вашингтон қаласы) және 31 желтоқсан күні (Нью-Йорк қаласында) өтеді деп жоспарланған.