Арман Оспановтың төрт жылға спорттан шеттетілгені белгілі болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Арман Оспанов төрт жылға спорттан шеттетілгені белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеше, 5 наурыз күні WSOF біріншілігі өзінің 35-ші турнирінде өнер көрсететін спортшылардың тізімін жариялаған болатын. Өкінішке қарай, осы сында Арман Оспанов пен Стивен Родригез арасындағы жекпе-жек бұл «fightcard-қа» енбей қалды.

Оған Арман Оспановтың осыдан 1 жыл бұрын допингпен ұсталғаны себеп болған.

Бұл туралы WSOF басшысы Рей Сефо Insta-парақшасында ресми түрде жариялады.

«Менің назарыма Арман Оспановтың бұдан 1 жыл бұрын допингпен ұсталғаны туралы ақпарат жеткізілді. Арман 4 жылға спорттан шеттетілген, сол себептен онымен келісімшартымызды бұзуға тура келді», - деп жазды Рей Сефо.

Естеріңізге сала кетсек, 2015 жылдың қараша айында Арман Оспанов Марокко елінде өткен əскери самбодан əлем біріншілігін қатарынан үшінші рет ұтты. 2016 жылдың жазында FIAS антидопингтік агенттігі Арманның қанында допинг табылғанын жариялап, оны спорттан 4 жылға (2019 жылдың 4 желтоқсанына дейін) шеттеткені белгілі болды.