Арман Шаққалиев «Сапалы өнім» жария концептін іске қосуды ұсынды

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев «Сапалы өнім» жария концептін іске қосуды ұсынды, деп хабарлайды Kazinform. 

Фото: primeminister.kz

«Бүгінде ішкі нарықтағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету Мемлекет басшысы жүктеген басты елдік міндет саналады. Дегенмен, оған азаматтық қоғамның, қоғамдық институттардың, БАҚ-тың және де жалпы бей-жай қарамайтын тұтынушылардың белсенді ұстанымынсыз қол жеткізу мүмкін емес. Өйткені, сөз тұтынушы саналатын осы жерде отырған бәрімізді қоса алғанда 19 млн Қазақстан азаматы жайлы болып отыр. Біз «Сапалы өнім» жария концептін іске қосуды ұсынамыз. Ол үшін заңнамалық құралдар мен тетіктердің базалық жиынтығы бар», - деді министр БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында.

Оның атап өтуінше, қолданыстағы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң қоғамдық бірлестіктерге жан-жақты құзіреттер береді. Атап айтқанда, олар тауардың тұтынушылық қасиетін зерделейді.

Тауардың сапасы мен қауіпсіздігіне сараптама жасауға бастамашылық жасайды. Өнімің сапасы туралы қоғамдық пікірді анықтау үшін тұрғындардан сауалнама жүргізеді. Тауардың сапасын бағалау мақсатында мемлекеттік органға жүгінеді. Тұтынушының мүддесін қорғап, сотқа шағым түсіреді.

«Бұған қоса, аталған қызметтерді жүзеге асыру барысында қоғамшыл тауарларды сату орындарына барған кезде жасайтын барлық әрекеттерін суретке түсіріп, аудио, виде тіркеуге алуға құқылығы. Сондықтан да тұтынушылар мен қоғамдық институттарды сапалы әрі қауіпсіздік өнім алуға деген өздерінің құқықтарын барынша мәлімдеуге шақырамыз», - деді Арман Шаққалиев.