Арман Шораев: «Каспий Барысын» өткізу жоспарымызда бар

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан Барысы» қорының төрағасы Арман Шораев Қазақ күресінің өрісін кеңейту бағытындағы жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Амандық болса, турнирді (Қазақстан Барысын - авт.) басқа қалаларда да өткізетін ойларымыз бар. Жалпы, өздеріңіз білетіндей, біздің «Әлем Барысы» жобамыз өтіп жатыр. Ол жобамызды мысалы Павлодар қаласында өткізген болатынбыз. Оны Алматы қаласында биыл желтоқсанның бірінде өткізейік деп отырмыз. «Еуразия Барысының» да барынан хабардарсыздар. Амандық болса, Талдықорғанда сол турнирді өткізейік деген жоспарымыз бар. Жалпы, біздің облыстардың әкімдері «біз неге өткізбейміз?» деп сұрап жатыр. Осы себепті, сәтін салса Қазақ күресінің географиясын барынша кеңейтеміз. Тағы Каспий теңізінің жағасындағы мемлекеттерге арналған «Каспий Барысы» деген жоба дүниеге келетін шығар....», - дейді ол.

Арман Шораев жуықта қазақ күресінен Батумиде өткен Еуропа чемпионатының өткенін еске салды.

«Халықаралық Қазақ күресі федерациясының басшысы Қанат Алдабергенұлының арқасында Еуропа чемпионатын өткіздік. Осы күзде Азия чемпионатын өткізу жоспарымыз бар», - деді Арман Шораев.

Еске сала кетсек, биылғы «Қазақстан Барысы» турнирі 1 шілде күні елордадағы «Барыс Арена» мұз сарайында өтеді. Осымен сегізінші рет өтетін беделді бәсекеге еліміздің 14 облысы, Алматы және Астана қалаларынан және әскерилер арасында іріктеуден өткен 37 (екі балуан жақында Шымкент қаласынан қосылып отыр) үздік балуан қатысады. Оның ішінде былтырғы турнирдің жеңімпазы қатысушылар сапына іріктеусіз қосылады.