Арман Шораев: «Қазақстан Барысы» бес жыл ішінде көрермендер асыға күтетін үлкен додаға айналды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан Барысы» бес жылдың ішінде көрермендер асыға күтетін үлкен додаға айналды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Қазақ күресі федерациясының президенті Арман Шораев мәлім етті.

«Биылғы «Қазақстан Барысы» додасын өткізгелі отырмыз. Ертең сағат 12:00 кезінде бастаймыз. Осы бес жылдың ішінде көрермендер асыға күтетін үлкен додаға айналды деп ойлаймын», - деді А.Шораев.

Осы орайда ол соңғы жылдары Қазақстан бойынша ең мықты деген балуандар іріктелгенін атап өтті.

Өз кезегінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас директоры Дархан Қалетаев бұл жобаға қор 2011 жылдан бері қолдау көрсетіп келе жатқанына тоқтала келе: «Әрине, біз бұл жобаға демеуші ретінде ғана қарап отырған жоқпыз, яғни оған ұлттық жоба ретінде үлес қосқымыз келеді. Ұлттық спорттың дамуына қолдау жасағымыз келеді. Біздің ойымызша, биылғы дода нәтижелі өтеді», - деді.

Осымен бесінші мәрте жалауы желбірейтін биылғы «Қазақстан Барысы» турнирінің іріктеу сындары еліміздің барлық аймағында мәресіне жетіп, жүзден жүйрік атанған ең мықты 33 балуан шілденің 4-і күні Астанада өзара белдеседі.

Астана күніне орай ұйымдастырылғалы отырған додаға еліміздің 14 облысы мен Астана және Алматы қалаларынан топ жарған 32 балуан мен 2014 жылғы «Қазақстан Барысы» атанған Мұхит Тұрсынов 4 шілдеде елорда төріндегі «Сарыарқа» республикалық велотрегінде күш сынасады.