Аққан ауруына ұшыраған Ақерке Жұрынбаеваның тағдыры Астана жұртшылығына жақсы таныс. Ақеркенің ауылдағы ата-анасы қатерлі ауруға қарсы емге қажет қомақты қаржыны таба алмады және оның курстастары - Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері қол ұшын созған еді. Олар Астана қаласында түрлі концерттер, жәрмеңкелер ұйымдастырып, тағамдар сатып, 24 мың доллар жинап берді. Әйтсе де, әнші болуды армандаған Ақеркені ажал алмай қоймады. 21 жасында өрімдей бойжеткен өмірден озды.
Ақеркеге сен туралы кино түсіреміз деп уәде берген достары өз сөздерінде тұрды. Фильм 2017 жылы 1 ақпанда Ақеркенің туған қаласы Ақтөбеде жұртшылық назарына ұсынылады. Ал 2 ақпаннан бастап, Қазақстанның барша кинотеатрларында көрсетіледі. Көрсетілімнен түскен барлық қаражат қатерлі ісікпен ауыратын балаларға көмек ретінде жіберіледі.