– Бұл біздің көркемдік жетекшіміз Тұрсынбек Қабатовтың бұрыннан ойында жүрген идея еді. Бірақ бұл идея солай пісу керек болды. 2025 жылды Президентіміз «Жұмысшы мамандар жылы» деп жариялауын күткен секілдіміз, - деді қойылым авторы әрі режисері Нұржігіт Мүсілімов.
Жобаның да, қойылымның да атауы – «Армандар орындалады». Бұл атау жай ғана таңдалып қойылмаған. Оның артында мыңдаған адамның орындалмай қалған арман-жолы жатыр.
– Кейде таксиде жүргенде, не өзге жерлерде адамдармен әңгіме айтып қалсақ, актер екенімізді естігенде олар «Мен де кезінде актер, өнер адамы болғым келген, бірақ әке-шешем рұқсат бермеді, түрлі жағдайлар болып, өнер жолына түспедім» деп айтып жатады. Біз сол әңгімелерді естіп, сол кісілердің арманын орындағымыз келіп, жобаның атын «Армандар орындалады» деп қойдық, - дейді режиссер.
Қойылым сюжеті жұмысшы мамандар тұратын жатақханадағы өмірмен байланысты. Асханада бас қосқан түрлі маман иелері байқауға қатысып, өз мамандықтарының маңызын дәлелдеуге тырысады.
– Бұл шығармада көзге көрінбейтін салалар да жаңа қырынан ашылады. Жатақханада тұрғандықтан, бұл кейіпкерлердің арманы – пәтер. Ал финалды келіп көріңіздер, - деді Мүсілімов.
Жоба ерекше форматта – кәсіби емес адамдармен жұмыс істеуге негізделген. Қойылым сахнасында 12 адам өнер көрсетеді. Оларға 4 кәсіби актер және екі режиссер көмек көрсетіп жатыр.
– Актер емес адамдармен жұмыс істеу қиын. Бірақ маған 4 кәсіби актер көмектеседі. Менен бөлек актер шеберлігінен сабақ беретін тағы бір режиссер бар, - деді ол.
Қойылым алдында кастинг екі рет өткізілген.
– Бірінші кастингте жұмысшы мамандықтарды шақырдық. Ол кезде журналистер, мұғалімдер, дәрігерлер болған жоқ. Жұмысшы мамандар жұмыстарына байланысты дайындыққа толық қатыса алмады. Сондықтан, ауқымын кеңейтіп, екінші рет кастинг жасауға тура келді, - деп түсіндірді режиссер.
Осы жоба арқылы арманын орындаған 85 мектеп-лицейінің мұғалімі Майра Есенова кастинг жайлы Instagram-нан естіп, өзін сынап көруге бел буған.
– Біз кастингтің болатынын Әзірбайжан Мәмбетов атындағы театрдың Instagram парақшасынан көрдік. Солай біз де қатысып, бағымызды сынап көрейік деп шешіп, кастингке келдік. Кастинг 2 мәрте өтті. Кастингке біраз адам қатысты, - деді ол «Бүгін LIVE» эфирінде.
Қазір дайындық қызу жүруде. Күніне бірнеше сағаттық жаттығуларға қарамастан, қатысушылар қойылымнан ерекше әсер алып жүр.
– Жұмыс барысы өзімізге ұнайды. Оңай деуге де келмейді, қиын тұстары да бар. Нұржігіт мырза қазір бізбен жұмыс істеп жатыр. Дайындыққа күніне 3-4 сағат уақыт кетеді. 1 айда қарапайым жұмысшылардан актер жасап шығару оңай емес. Сондықтан ұжымға көп рахмет айтамыз, - дейді Майра.
Айта кетейік, қойылымның тұсаукесері 5-6 шілде күндері сағат 18:00-де Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында өтеді.
Естеріңізде болса, бұған дейін Павлодардағы Аймауытов театры 36-шы маусымын қорытындылағанын жазған едік.
Ал бүлін Қызылордада академиялық театр жетпісінші маусымын аяқтады.