Армандарымызды ақиқатқа айналдырдық: Елбасының елеулі еңбегі

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Ширек ғасырды дәуірлер көшімен есептегенде көзі ашып-жұмғандай ғана мезет болып қалады. Осы аз уақыт ішінде тәуелсіз Қазақстанды төрткүл дүние таныды. Біз сан жағынан аз бола тұра ұланғайыр далаға иелік етіп, бізді білетін әлем жұртын таңдандырсақ, енді саяси тұрақтылығы, елдің тату-тәтті тіршілігінің арқасында қарыштап дамуға бет алдық. Өзгелер үлгі тұтатын жағдайдамыз. Әрине, бүгінгідей шат-шадыман заманның өздігінен орнай қалмасы белгілі. Тарих толқынында ұлтының тарихына түбегейлі өзгерістер әкелетін, болашағын болжай алатын нар тұлғалар кездеседі. Қазақ жұртының бағына біткен Елбасы жайлы осылай айтуға болады.

Кеңес Одағы ыдырап, тәуелсіздігін енді алған жас мемлекеттер абдырап қалған қиын-қыстау кезеңде асқан сабырлықпен елін алға жетелеген Елбасының еңбегін әлі талай ұрпақ зерттеп, зерделейтін болады. Қазақта «қолда бар алтынның қадірі жоқ» деген аталы сөз бар ғой.

Кешегі жалақы мен зейнетақы бірнеше айлар берілмей, дүкен сөрелері бос қалған уақытты ұмыта қойған жоқпыз. Бұрынғыдан қалған барлық кәсіпорындар жабылып, сырттан келетін тауарға тәуелді болған күндер, көрші мемлекеттердегі саяси тұрақсыздық бәр-бәрісі әр адымыңды аңдап басуға мәжбүр етті. Қашаннан тәубе, шүкірінен жаңылмаған қазақ жұрты сол кезде, яғни 1991 жылдың 1 желтоқсанында Нұрсұлтан Назарбаевқа сенім білдіріп, Қазақстан Республикасының Президенті етіп сайлады. Алланың бір аты халық болса, сол-халық қателеспеген еді.

Елбасының еңбегін талдап-таразылайтын уақыт әлі алда, болашақтың еншісінде. Дейтұрғанмен, келер ұрпақтың Ұлт көшбасшысы жайында ертеңгі айтар сөзін бүгіннен-ақ бағамдауға болады. Ұлтының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, барлық рухани құндылықтарын бойына сіңіріп өскен жан ғана сол елдің көсемі бола алады. «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген теңеу де Елбасына тарлық етеді. Бір ғана қазақ жұрты емес, әлем тыныштығын ойлап, биік мінбелерден оны шешу үшін тың бастамалар көтеріп келе жатқан Нұрсұлтан Әбішұлының зейін-жадының мықтылығы сондай - Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін жатқа айтып, халық әндерін домбырамен айтқанда еріксіз қайран қалдырады. Бұл нағыз көшбасшыға тән қасиет дер едім.

«Тәуелсіздік туын тігуге қаншалықты қажыр-қайрат керек болса, оны құлатпай сақтап қалуға соншалықты қажыр-қайрат керек», - дейді Елбасы сөзінде. Мұны ұлт тағдырының жауапкершілігін жан дүниесімен сезінген жанның жүрек дауысы деуге болады.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиыншылықтарға қарамастан Астананы Арқа жеріне көшіру, екінің бірі тәуекел ете алмайтын қадам болатын. Қазақ жерінде түрлі дін өкілдерінің басын қосып, бір ымыраға шақыру, оны дәстүрлі түрде өткізу адамзат алдындағы абыройлы іс қана емес, Жаратушы алдындағы сауапты дүние деуге болады. Осы жылдар ішінде біз әлемдік қауымдастықтарды өзімізге қаратып, ЕҚЫҰ, ИЫҰ секілді түрлі ұйымдарға жетекшілік еттік. Астанада төрінде әлемдік деңгейдегі қанша басқосулар өтті. Осының бәрі елді танытудың, ұлтты танытудың алғышарттары емес пе?!

«Бірінші экономика, сосын саясат» деген Елбасы елдегі индустриялық-инновациялық дамуды алғашқы кезекке қойды. Сонау 90-жылдардың дағдарысында дағдарып қалмай, мемлекетті аяғынан тік тұрғызған Мемлекет басшысының тың бастамалары мен экономикалық реформалары 2007-2009 жылдардағы әлемдік дағдарыстан да алып шықты. Керісінше, біз бұл кезеңде дамуға бет бұрдық. Демек, Елбасы дағдарысқа қарсы тұрар Қазақ елінің иммунитетін қалыптастыра алды.

Президентіміз болашаққа бағдар болатын, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін «Мәңгілік Ел» идеясын ұсынды. Бұл «Қазақстан-2050» стратегиясының темірқазығына айналды. Елбасы өз сөзінде «біз армандарды ақиқатқа айналдырдық»,- деді. Бұл ешкім айналып өте алмайтын ақиқат.

Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауларында төрткүл дүниенің тынысын бағамдап, Қазақ елінің дамуына байланысты бастамалары мен ұсыныстарын айқындап берумен келеді. Демек, әрбір қазақстандықтың бағдаршамы іспетті осы Жолдауларда көрсетілген мақсатты істерді орындау жолында жан аямай тер төгіп, еңбек ету керек. Елбасының өзі: «Біз басқа ел болдық, жаңа жұрт болдық. Бұрынғы заман жоқ. Сана жаңаратын уақыт баяғыда туды» деп айтып отыр. Мұны басқаша жеткізу мүмкін де емес.