«Армения 2010» НАТО жаттығуына қазақстандық мамандар да қатысады

БРЮССЕЛЬ. Тамыздың 31-і. ҚазАқпарат /Димаш Сыздықов/ - Ағымдағы жылы қыркүйектің 11-17-сі аралығында Арменияның Арзни қаласында табиғи апат салдарын жою сценарийі бойынша «Армения 2010» НАТО жаттығуы өтеді.

Жаттығуға Еуроатлантикалық серіктестік кеңесіне қатысушы 15 елдің, оның ішінде Қазақстанның өкілдері, Жерорта диалогының, сондай-ақ тағы 11 мемлекеттің өкілдері - барлығы 600-ден астам адам және 40-қа жуық бақылаушы қатысады, деп хабарлады НАТО-ның баспасөз қызметінен.

«Армения 2010» жаттығуы НАТО-ға және серіктес елдерге табиғат апатының салдарын жою мәселелеріндегі тәжірибелерін шыңдауға және төтенше жағдайлардағы ынтымақтастықтарын кеңейтуге мүмкіндік береді, - делінген Альянстың баспасөз баянында.

Жаттығу сценарийі бойынша, төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімдердің өкілдері көптеген адам құрбандығына және химиялық, радиоактивті улануға әкелген, инфрақұрылымға едәуір зардап тигізген жер сілкінісінің салдарын жоюлары керек.

НАТО мұндай кең көлемді жаттығуды жыл сайын өткізіп тұрады. Естеріңізге сала кетейік, былтыр Қазақстанның Алматы облысында «Жетісу - 2009» жаттығуы өткен болатын.