Армения АҚШ-тың TRIPP теміржол құрылысына қатысуын қарастырып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың TRIPP жобасы аясында теміржол құрылысына қатысу мүмкіндігі талқылану үстінде. Бұл туралы премьер-министр Никол Пашинян Ереванда өтіп жатқан «Бейбітшілік және көпжақты ынтымақтастықты орнату» халықаралық форумында сөйлеген сөзінде мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
— Қазіргі уақытта біз америкалық серіктестерімізбен Әзербайжанның негізгі бөлігін Нахичеваньмен байланыстыратын теміржол құрылысы бойынша келіссөз жүргізіп жатырмыз. Неліктен АҚШ? Өйткені бұл жоба — TRIPP бастамасының ажырамас бөлігі, — деп атап өтті үкімет басшысы.
Бұған дейін АҚШ Мемлекеттік департаментінің Еуропа және Еуразия істері бюросының директоры Брендан Ханрахан қыркүйек айында Армения вице-премьері Мгер Григорянмен кездесуі кезінде Вашингтонның Арменияға TRIPP жобасын іске асыруға 145 млн доллар бөлуді жоспарлап отырғанын мәлімдеген болатын.
Сонымен қатар Армения Түркиядан Әзербайжанға жүк көліктерінің транзитін қамтамасыз етуге дайын екені және Ресейден Әзербайжан арқылы Арменияға теміржол арқылы тауар транзитін орнатуды жоспарлап отырғаны хабарланды.
Еске сала кетсек, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында Әзербайжан арқылы Арменияға тауарларды тасымалдауға қойылған шектеулердің алынып тасталатынын мәлімдеді.
Арменияға алғашқы жүк транзиті ретінде қазақстандық бидай жіберілді.