Армения астанасындағы телемұнарада еліміздің туы бейнеленді

ЕРЕВАН. KAZINFORM – Республика күні мерекесіне орай Ереван телемұнарасында Мемлекеттік туымыз бейнеленді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Еревандағы меншікті тілшісі.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Мерекелік безендіру Қазақстан елшілігінің бастамасы және Армения тарапының қолдауы аясында ұйымдастырылды. Биіктігі 310 метрден асатын Ереван телемұнарасында жарқырап тұрған көк туымызды тамашалауға жиналғандардың қарасы қалың. 

Мұнара алаңына жиналғандар атап өткендей, бұл - екі ел арасындағы берік достық пен өзара құрметтің жарқын көрінісі. Бастамаға Армения тарапының тиісті қолдау көрсетуі ресми Астана мен Ереван арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейде екенін айғақтайды.

Еске салайық, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты.

Сондай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына шет мемлекеттер басшылары мен халықаралық ұйымдар жетекшілерінен ұлттық мереке - Республика күніне байланысты құттықтаулар келіп түсті.