Армения Әзербайжан және Түркиямен теміржол қатынасын іске қоспақ

АСТАНА. KAZINFORM — Армения премьер-министрі Никол Пашинян TRIPP жобасын іске асыру аясында Арменияның Әзербайжан және Түркиямен теміржол қатынасы қайта жанданатынын, сондай-ақ өңірдегі өзге де көлік-коммуникациялық байланыстардың нығая түсетінін мәлімдеді.

Фото: Caliber

Ереванда өткен «Армения — Ұлыбритания 2026» бизнес-форумында сөз сөйлеген Пашинян Арменияның Әзербайжанмен бейбітшілік орнату және өңірлік коммуникацияларды ашу аясында экономикалық дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Оның сөзінше, үкімет қазір TRIPP жобасын іске қосуға дайындалып жатыр.

Пашинян бұл жобаны Армения мен жалпы өңірдің экономикалық ортасын түбегейлі өзгертетін «негізгі тетік» деп бағалады.

— Алдағы уақытта TRIPP жобасын жүзеге асырумен қатар, Армения — Түркия шекарасын ашу, сондай-ақ Армения — Әзербайжан және Армения — Түркия бағыттарында теміржол қатынасын іске қосу көзделіп отыр, — деді премьер-министр.

Ол сондай-ақ Парсы шығанағы мен Қара теңіз арасындағы теміржол қатынасын дамыту, «Солтүстік — Оңтүстік» жобасын жүзеге асыру және Шығыс — Батыс бағытында автомобиль жолдарын ашу жоспарланып отырғанын айтты. Бұл жобалардың барлығы «Бейбітшілік жолайрығы» тұжырымдамасының аясында жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар Армения мұнай және газ құбырларын салу мүмкіндігін қарастырып, электр энергиясын тасымалдау желілерін тарту мәселесі бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр.

Пашинян өңірдегі көлік-коммуникациялық байланыстың кеңеюі оның инвестициялық тартымдылығын арттыруға жол ашатынын атап өтті. Оның айтуынша, кейінгі бес жылда Армения экономикасы орта есеппен 7,9 пайыз өскен. Ал алдағы бес жылда үкімет жыл сайын орта есеппен 6 пайыз экономикалық өсімге қол жеткізуді көздеп отыр. 2025 жылы елдің жалпы ішкі өнімі 2018 жылмен салыстырғанда 53 пайызға жоғары болды.

Ереванда алғаш рет ұйымдастырылған «Армения — Ұлыбритания 2026» бизнес-форумына үкімет пен Орталық банк өкілдері, халықаралық қаржы ұйымдары, Ұлыбританияның дипломатиялық корпусы, бизнес қауымдастығы, сондай-ақ білім және ғылым саласының өкілдерін қоса алғанда, 2 мыңға жуық адам қатысты.

Еске салайық, бұған дейін Ердоған Армениямен байланысты жақсартуды қолдайтынын мәлімдегенін хабарлағанбыз.