Армения Әзербайжанға тауар экспорттауға дайындалып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Армения премьер-министрі Никол Пашинян Әзербайжанға армениялық тауарды экспорттауды бастауға дайындық жүріп жатқанын хабарлады, деп хабарлайды Armenpress.

Фото: APA

Пашинян бұл мәлімдемені үкімет отырысынан кейінгі брифингте екі ел арасындағы өзара сауда-саттық болашағы туралы сұраққа жауап беру барысында жасады.

— Әзербайжанмен өзара сауданың күн тәртібі бар және жақын арада Армениядан Әзербайжанға экспорт басталады, — деді премьер-министр.

Алайда, Пашинян нақты қандай тауар туралы сөз болып жатқанын және алғашқы жеткізілімдер қашан болуы мүмкін екенін нақтыламады.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта екі ел арасындағы сауда Әзербайжан-Армения бағытында дамып келеді.

2026 жылдың қаңтарында Никол Пашинян Армения мен Әзербайжан өзара сауда үшін әлеуетті тауарлар тізімін алмасқанын хабарлаған.

Бастапқыда Әзербайжан Арменияға бензин мен дизель отынын жеткізуге міндеттенді.

Айта кетейік, бұған дейін Әзербайжан Арменияны халықаралық интернет-трафик транзитімен қамтамасыз етуге келіскен.