— Армения Республикасы халықаралық соттардың ешқайсысында өз мүддесін қорғаудан ешқашан бас тартпайды. Ал Армения мен Әзербайжан арасындағы қазіргі дауларға келсек, бейбіт үдерістің логикасына сәйкес, тараптардың бір-біріне қарсы талап-арыздарын қайтарып алу туралы шешім қабылдануы мүмкін. Алайда бұл тек Армения Республикасы мен Әзербайжан Республикасы бейбіт келісімге түпкілікті қол қойған жағдайда ғана жүзеге асады, — деді Армения премьер-министрі аппаратының басшысы Лилит Макунц Ұлттық жиналыстың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында.
Айта кетейік, Әзербайжан мен Армения арасындағы парафирленген бейбіт келісімнің 15-тармағында құжатқа қол қойылғанға дейін екі ел арасында туындаған мәселелерге қатысты барлық мемлекетаралық талап-арызды, шағымды, қарсылықты, сот процесі мен дауды қайтарып алу, күшін жою немесе өзге де жолмен реттеу қарастырылған.
Осы тармаққа сәйкес, тиісті рәсімдер келісім күшіне енгеннен кейін бір ай ішінде аяқталуға тиіс. Сонымен қатар тараптар болашақта осындай істерді бастамауға және үшінші тараптар бір-біріне қарсы қозғаған осыған ұқсас істерге қатыспауға міндетті.
Еске салайық, бұған дейін Арменияның жаңа Конституциясы жобасының мәтіні қараша айында жарияланатынын хабарлағанбыз.