Армения халықаралық кездесулер қорытындысы бойынша ЕО-мен байланысын күшейтпек

АСТАНА. KAZINFORM — Армения мен Франция стратегиялық әріптестік орнату туралы декларацияға қол қойды, деп жазды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: Арменпресс

Құжатқа Армения Республикасының премьер-министрі Никол Пашинян мен мемлекеттік сапармен Ереванға келген Франция президенті Эмманюэль Макрон қол қойды.

Сапар аясында тараптар жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және жартылай өткізгіштер саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірқатар келісімдерге де қол қойды. Келісімдер әскери технологияларды дамыту, қорғаныс жүйелерін зерттеу және әскери киім-кешек жеткізуді де қамтиды.

Сонымен қатар, көлік тікұшақтарын жеткізу және армян әуе компаниясына Airbus A321-200NX үлгісіндегі екі ұшақты сату жөнінде келісімге қол жеткізілді. Францияның Construction және Razel-Bec компанияларымен жасалған жеке келісім бойынша Арменияның оңтүстігінде Баргушат тоннелін салу көзделген.

Фото: Анадолы

Мемлекеттік сапар қорытындысы бойынша Франция президенті Армения президентінің жарлығымен екі ел арасындағы достық қатынастарды нығайту мен дамытуға қосқан жеке үлесі үшін Даңқ орденімен марапатталды. Өз кезегінде, француз тарапының шешімімен Армения президенті мен премьер-министрі Құрмет легионы орденінің Үлкен крестімен наградталды.

Айта кетейік, 4–5 мамыр күндері Ереванда Франция президентінің мемлекеттік сапарынан бөлек, басқа да ірі саяси іс-шаралар өтті — Еуропалық саяси қауымдастық форумы, сондай-ақ Армения — Еуропалық одақ саммиті.

Саммит қорытындысы бойынша Армения — ЕО бірлескен декларациясы қабылданып, бірқатар құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, Армения Республикасы мен Еуропалық одақ арасында өзара байланыс жөніндегі әріптестік туралы келісім жасалды, сондай-ақ Армения Ішкі істер министрлігі мен Еуропалық шекара және жағалау күзеті агенттігі (Frontex) арасында шекараларды басқару саласындағы жедел ынтымақтастық туралы жұмыс келісімі парафирленді.

Сонымен қатар, Армениядағы ЕО делегациясының басшысы Василис Марагос Армения Ішкі істер министрі, ЕО-мен визалық режимді ырықтандыру мәселелері бойынша бас келіссөз жүргізуші Арпине Саргсянға Еуропалық комиссияның визалық режимді ырықтандыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын іске асыру барысы туралы есебін табыстады. Құжатта барлық қажетті талаптар орындалған жағдайда толық ырықтандыруға қол жеткізуге арналған ұсынымдар берілген.

Саммит аясында ЕО-да, Еуропалық экономикалық аймақта және Арменияда тіркелген компаниялар үшін Армениядағы инвестициялық жобаларға өтінім қабылдау жөніндегі шақыруды жариялау туралы келісімге де қол жеткізілді.