«Бүгінде біз білім беруге 287 млрд армян драмын жұмсаймыз. Бұл 2018 жылғы көрсеткіштен 2 есеге көп. Бізді жаңа білім беру жобалары, бағдарламалары күтіп тұр. Біз үшін бұл саладағы өте жақсы үлгі – білім беруге мол қаражат құйып, педагогтарға лайықты жалақы төлеп отырған Қазақстан. Қазіргі уақытта Қазақстан сияқты бізде мұғалімдердің рөліне баса мән беріп отырмыз. Бүгінгі кездесуімізге Білім, ғылым, спорт және мәдениет министрі қатысып отыр. Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырзамен сіздердің білім беру жүйелеріңізбен жақынырақ танысу, жаңа білім алу үшін біздің тағы бір сапарымыздың мүмкіндіктерін талқыладық», - деді Армиян Президенті.
Сонымен қатар ол Арменияның білім беру саласындағы жоспарымен бөлісті.
«500 жаңа мектеп пен балабақша салу және жөндеу жоспарымызда бар. Сондай-ақ Академиялық қалалық құруды да көздеп отырмыз. Қазіргі уақытта Армения Үкіметі оны салу идеясын жүзеге асыру, білім сапасын көтеру және Арменияны білім алу мүмкіндіктері тұрғысында тартымды жасау үшін барлық күш-жігерін жұмсап жатыр. Ондаған жылдар бойы бізде бұл салаға инвестиция салынған жоқ, спорт залдары, техникалық мүмкіндіктер болмады. Сіздердің білім беру жүйелеріңізден көргеніміздің бәрін өз мектептерімізде енгізгіміз келеді», - деп атап өтті Ваагн Хачатурян.
Бұған дейін Армения Президенті Ваагн Хачатурянның «Армяндық «бейбітшілік тірегі»: Оңтүстік Кавказдың ұлттық артықшылығы және тұрақты дамуының кепілі» тақырыбында дәріс оқығанын жазған едік.
Кеше Ақордада Армения Президенті Ваагн Хачатурянды салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.
Сонымен қатар екі ел басшылары Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында Арменияның мәдениет күндеріне орай ұйымдастырылған салтанатты концертке барды.