Армения мен АҚШ стратегиялық серіктестік туралы құжатқа қол қойды

Фото: Фото: Арменпресс

АСТАНА.IAZINFORM - Құжатқа Армения сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян мен АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен қол қойды, деп хабарлады Арменпресс.

Құжатқа қол қою рәсімі Вашингтонда Армения Сыртқы істер министрлігі басшысы мен АҚШ Мемлекеттік хатшысының кездесуі аясында өтті.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен құжатқа қол қою Армения мен Америка Құрама Штаттарының қарым-қатынасындағы маңызды кезең екенін атап өтті.

- Біз АҚШ-Армения стратегиялық әріптестік комиссиясын құрып жатырмыз. Бұл бізге әртүрлі салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді, мәселен экономикалық мәселелер, қауіпсіздік және қорғаныс, демократия, тағы басқа, - деді Блинкен.

Арарат Мирзоянның айтуынша, Армения мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестік туралы құжат ынтымақтастықтың берік негізін қалайды.

- Құжат экономикалық және энергетикалық байланыстарды, коммуникацияларды нығайту, қорғаныс пен қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты тереңдету, демократиялық институттарды нығайту, әділеттілік пен заң үстемдігін ілгерілету, инновациялар мен жоғары технологияларды дамыту, сондай-ақ адамдар арасындағы байланысты кеңейту сияқты көптеген салаларды қамтиды,- деп атап өтті ол.

Мирзоян екі ел арасындағы ортақ құндылықтар мен өзара мүдделерге негізделген қарым-қатынастар соңғы жылдары айтарлықтай дамығанын атап өтті.

Бұған дейін Армения үкіметі ЕО-ға кіру процесін бастау туралы заң жобасын мақұлдаған болатын. Заң жобасы ел Парламентіне дауыс беруге жіберілді. Азаматтардың бастамашыл тобы ұсынған заң жобасына сәйкес, Армения ЕО-ға кіру процесінің басталғанын жариялайды.

Арменияның Экономика министрі ел үкіметінің ЕО-ға кіру үдерісінің басталуы туралы заң жобасын мақұлдауы аясында Арменияның ЕАЭО-дан шығу ықтималдығына түсінік берді.