Армения мен Иран шекара аймағында инфрақұрылымды дамытуға келісті
АСТАНА. KAZINFORM – Армения мен Иран шекаралас аймақтағы Нордуз бекетінде екінші көпір құрылысын жүргізетін болып келісті. Бұл туралы Иранның Жол және қала құрылысы министрі Нарзане Садег мәлім етті, деп хабарлайды Armenia Today.
Министрдің сөзінше, тараптар жаңа көпірмен қатар қолданыстағы өткелді жаңартуды және замануи терминалдар орнатып, жүк тасымалдары үшін тарифтерді қайта қарауды көздеп отыр.
Министрдің айтуынша, бұл шаралар жүргізушілердің қозғалысын жеңілдетіп, алдағы айларда «транзит пакетін» дайындау ісін аяқтауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Парсы шығанағын Қара теңізбен жалғауға бағытталған стратегиялық жобаны жүзеге асыру жұмыстары жүріп жатыр. Нақтырақ айтқанда, теміржол Иранның Джульф қаласына дейін жеткізілді. Ал оны Нахичевань арқылы Ереван бағытында жалғастыру мақұлданды. Аталған бағыт Иран, Армения, Әзербайжан мен Еуропа елдері арасындағы жүк тасымалында маңызды рөл атқарады деген үміт бар.
Аталғандармен қоса, тараптар әуе бағыттары бойынша меморандумға қол қоюды жоспарлап отыр. Ынтымақтастықтың шешуші бағыттарының бірі оңтүстік Иран порттарының қуатын Парсы шығанағы мен Оман теңізі акваториясында пайдалану болып отыр. Бұл өз кезегінде Армениядан Еуропаға және Шығыс Азия елдеріне жүк тасымалдауға қосымша жол ашады.
Ислам Республикасының президенті Масуд Пезешкианның Ереванға ресми сапары аясында Иран мен Армения түрлі салаларда ынтымақтастық бойынша 10 құжатқа қол қойды.
Армения премьер-министрі Никол Пашинянның мәлімдеуінше, Ереван мен Тегеран екі елдің ынтымақтастығын стратегиялық серіктестік деңгейіне жеткізбек.
Оның сөзінше, Армения мен Иран екіжақты тауар айналымын 3 млрд долларға жеткізуді көздеп отыр. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 1 млрд долларды құрап отыр.
Осыған дейін Иран мен Тәжікстаннің стратегиялық әріптестікті тереңдетуге келіскені туралы жаздық.