Құжат тасымалдаушыларға арнайы рұқсат беру жүйесін енгізуді және бірқатар жол алымдарынан босатуды көздейді. Тараптар бұл келісімге Бейжіңде өткен Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту жөніндегі кездесу барысында қол жеткізді.
Арменияның аумақтық басқару және инфрақұрылым министрінің орынбасары Кристина Галечянның айтуынша, рұқсаттар екі санат бойынша беріледі. Біріншісі – кәдімгі жүктерге, екіншісі – арнайы жүктерге арналған. Бұл тасымалдаушыларға халықаралық және транзиттік тасымалдарды жеңілдетілген тәртіппен жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
– Келісім халықаралық және транзиттік тасымалдарды жеңілдетуге бағытталған. Алайда оның талаптары Армения мен Қытай аумағындағы ішкі тасымалдарға қолданылмайды, – деп түсіндірді Кристина Галечян.
Тараптар сондай-ақ автомобиль жолдарын пайдаланғаны үшін алынатын бірқатар салықтар мен алымдардан тасымалдаушыларды өзара босатуға уағдаласты. Алайда көлік құралдарының жолдарға келтірген залалын өтеуге арналған төлемдер сақталады.
Галечянның сөзінше, кездесуде Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк тасымалы көлемін ұлғайту, инфрақұрылымды дамыту, шекаралық және кедендік рәсімдерді жеңілдету, сондай-ақ логистиканы цифрландыру мәселелері талқыланды.
Келісімде екі ел арасында келісілген бағыттар мен белгіленген шекаралық өткізу пункттері арқылы тұрақты және тұрақты емес халықаралық автобус қатынасын ұйымдастыру мүмкіндігі де қарастырылған.
Тасымалдаушыларға рұқсаттарды Армения тарапынан Аумақтық басқару және инфрақұрылым министрлігі, ал Қытай тарапынан Көлік министрлігі береді.
Айта кетейік, бұған дейін Арменияның Әзербайжан және Түркиямен теміржол қатынасын қайта жандандыруды жоспарлап отырғаны хабарланған болатын. Бұл бастама өңірдегі көлік-коммуникациялық байланыстарды дамытуға бағытталған.