Армения мен Қырғызстанның Кедендiк одаққа кiруі бойынша жұмыстар атқарылуда - Бірінші вице-премьер

АСТАНА. ҚазАқпарат - Армения мен Қырғызстанның Кедендiк одаққа кiруі бойынша жұмыстар атқарылуда. Бұл туралы бүгiн Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Премьер-Министрiнiң бiрiншi орынбасары Бақытжан Сағынтаев мәлiм еттi.

«Былтыр Қырғызстан мен Армения Бiрыңғай экономикалық кеңiстiкке ену жөнiнде ұсыныс тастаған болатын. Бұл жерде Қырғызстан мен Арменияны жеке қарастыру қажет. Себебi Қырғызстан тек Кедендiк одаққа енуге келiсiмiн берiп отыр. Осы тақырыпты талқылау барысында Қырғызстан Кедендiк одаққа ену жөнiндегi жол картасын қабылдаудан бас тартты. Себебi олар қол қояр алдында Кедендiк одақтың құзыретiне жатпайтын бiрқатар жаңа талаптар қойды. Мысалы, олар Кедендiк одақ «үштiгi» Қырғызстанда экспортқа бағытталған өндiрiс ашу, миллионнан астам адам жұмыс iстейтiн Дордой мен Қарасу сынды базарларына еркiн экономикалық аймақ мәртебесiн беру, сонымен қатар еңбек миграциясының еркiн жүруi сынды талаптарды алға қойды. Бұл Кедендiк одақтың құзырында емес. Қазiргi уақытта Қырғызстанда жаңа үкiмет жасақталды. Мүмкiн болашақта жаңа үкiмет құрамымен бiз ортақ шешiмге келемiз деп ойлаймын. Қырғызстан бойынша жағдай осындай», - деп атап өттi вице-премьер.

Оның айтуынша, Армения Қырғызстанға қарағанда, нақты жұмыстарды 90 пайызға аяқтап қалған.

«Армения Кедендiк одаққа да, Бiрыңғай экономикалық кеңiстiгiне де енуге мүдделi. Армения тарапы одаққа кiру бойынша жол картасын 90 пайызға аяқтады. Армения үкiметiнiң мәлiм еткенiндей, Еуразиялық экономикалық одақты құру жөнiндегi шартты қол қою мерзiмiне дейiн бұл жұмыс аяқталады. Бiрақ бастапқыда бiз ЕЭО құруды тек үш ел қол қояды - Қазақстан, Ресей және Беларусь. Бұған енгiсi келетiн елдер тек қосылатын болады», - дедi ол.