Армения оппозициясы наразылық митингісін өткізді

АСТАНА. 3 тамыз. ҚазАқпарат - Ереванда Тәуелсіздік алаңында 2 тамызда оппозицияның митингісі өтті, оған 4 мыңға жуық адам қатысты.

Бұл жөнінде Лента.ру Tert.am сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Соған қарамастан «Новости-Армения» митингке шыққандардың саны бірнеше жүзге ғана жетті деген ақпарат таратты.

Жиналғандардың алдында оппозициялық Армения ұлттық конгресінің (АҰК) төрағасы, бұрынғы Армения президенті Левон Тер-Петросян сөз сөйледі. Panarmenian.net-тің хабарлауынша, ол ел басшылығын жақын арадағы екі ай ішінде парламенттік және президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізу мәселесін толық шешуге шақырды. Тер-Петросянның мәлімдеуінше, егер бұл талап орындалмаған жағдайда, АҰК қазіргі президент Серж Саргсян мен басқарушы коалицияның отставкаға кетуін талап ететін болады. Сонымен қатар ол билік пен оппозиция арасындағы бейресми диалог Арменияның саяси өмірі іргесіндегі ең маңызды оқиға болғанын айтып өтті. Тер-Петросянның пікірінше, ел ішіндегі екіжақты диалог, әсіресе, Қарабақ қақтығысы жайындағы келіссөз Арменияның халықаралық деңгейінің нығаюына ықпал етті.