Армения парламенті TRIPP жобасы туралы келісімді ратификациялауға кіріседі

ЕРЕВАН. KAZINFORM – Армения үкіметі «Халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолындағы Трамп бағыты» (TRIPP) жобасының негіздемелік келісімін ратификациялау жөніндегі заң жобасын Ұлттық жиналыстың қарауына енгізді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Еревандағы меншікті тілшісі.

Фото: parliament.am

Парламенттің ресми сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, осы аптада депутаттар құжатты талқылауға кіріседі. Ұлттық жиналыста қаралатын заң жобасын Арменияның Сыртқы істер және халықаралық сауда министрі Арарат Мирзоян таныстырмақ.

Еске салайық, АҚШ пен Армения тараптары бұл келісімге биыл 1 маусымда Вашингтонда және 4 маусымда Ереванда қол қойған. Ал 16 шілдеде үкімет оны ратификациялау туралы заңнамалық бастаманы мақұлдады.

Таяуда аталған елдің премьер-министрі Никол Пашинян TRIPP жобасы Армения экономикасына тың серпін беретінін мәлімдеді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Армения мен АҚШ TRIPP жобасы аясында бірлескен компания құруға ниет білдірді.