Армения соты экс-президенттің елден шығуына қойылған шектеуін алып тастады

Фото: instagram/president_serzhsargsyan

АСТАНА. KAZINFORM – Арменияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы соты бұрынғы президент Серж Саргсянға қатысты бұрын қолданылған елден шығуға тыйымды алып тастады, деп хабарлайды Kazinform-ның Еревандағы меншікті тілшісі. 

Елден шығуға шектеу салу Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комитетінің шешімімен 2025 жылдың 6 қарашасында тергеу аясында енгізілді. Тергеу нұсқасы бойынша, бұрынғы мемлекет басшысы бірқатар кәсіпорынға қолдау білдіріп, шетелдік инвестицияларды тартуға және жалпы сомасы 14 млн доллар несие алуға көмектескен. 

Еске сала кетсек, 2025 жылдың шілде айында Арменияның экс-президенті Серж Саргсянға аса ірі көлемде пара алу және заңсыз кәсіпкерлік қызметке қатысу бойынша айып тағылды. 

Сондай-ақ 4 жыл 6 айға сотталған Арменияның бұрынғы Мәдениет министрі жазадан сытылып кеткенін жаздық.