Арменияда билікті басып алғыс келген 14 адам қамауға алынды – Пашинян

Фото: DW

АСТАНА. KAZINFORM — Армения Премьер-министрі Никол Пашинянның айтуынша, елде билікті күшпен басып алу әрекеті жолы кесілді, деп жазды DW.

Оның сөзінше, бұл әрекетті «қылмыстық-олигархиялық діни топтар» ұйымдастырған. Бұл іс бойынша Арменияда 14 адам, оның ішінде архиепископ та ұсталған.

Пашинян 25 маусым, сәрсенбі күні Telegram-арнасында жариялаған жазбасында:

— Полиция қызметкерлері Армения Республикасындағы жағдайды тұрақсыздандыру және билікті басып алу жөніндегі қылмыстық-олигархиялық діни топтардың ауқымды әрі зұлым жоспарын жүзеге асыртпай, дер кезінде тоқтатты, — деп мәлімдеді.

Билікті күшпен басып алу әрекеті бойынша 14 адам қамауға алынған. Олардың қатарында Армян Апостол шіркеуінің архиепископы Баграт (Галстанян) да бар. Архиепископ үкіметке бағытталған өткір сынымен танымал.

Құқық қорғау органдары 90-нан астам тінту жұмыстарын жүргізді. Оппозиция бұл әрекеттерді саяси астары бар қудалау деп атады.

Таңертеңнен бері «Қасиетті күрес» қозғалысы мүшелері мен жақтастарының үйлерінде тінтулер жүргізілген. Ұйым лидері архиепископ Багратпен бірге тергеуге Армения оппозициялық «Армения» блогының депутаты Артур Саркисян, елдегі ең көне партия — «Дашнакцутюн» мүшесі Игорь Саркисян, мойындалмаған Таулы Қарабақ парламентінің бұрынғы депутаты Давид Галстян жеткізілген.

Армения Тергеу комитеті ғимаратының алдында ұсталғандардың жақтастары жиналып, ішкі әскерлер де сонда шоғырланды.

Еске сала кетейік, бұған дейін осы мәселеге қатысты Қазақстан СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров түсініктеме берген еді.