Арменияда киберқауіпсіздік жөніндегі тәуелсіз орган құру ұсынылды
АСТАНА.KAZINFORM — Арменияда киберқауіпсіздік жөніндегі арнайы тәуелсіз орган құру қолға алынды. Бұл туралы парламенттің тұрақты комитетінің отырысында Арменияның жоғары технологиялық өнеркәсіп министрі Мхитар Айрапетян мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Оның айтуынша, жаңа мемлекеттік автономды орган мониторинг, тәуекелдерді бағалау және киберинциденттерге қарсы әрекетті үйлестірумен айналысады.
— Нормативтік-құқықтық база өмірлік маңызды қызметтерді көрсету үшін пайдаланылатын ақпараттық жүйелер мен маңызды ақпараттық инфрақұрылымдардың үздіксіз жұмыс істеуіне, сондай-ақ өңделген, таратылатын, сақталатын және жіберілетін ақпараттың қолжетімділігін, тұтастығын және құпиялылығын қамтамасыз етуге; кибер инциденттер туралы хабарламаға, олардың алдын алу және қызмет көрсету және реттеудің ағымдағы талаптарын қамтамасыз етуге қатысты мәселелерді қамтитын болады, — деп атап өтті Айрапетян.
Сонымен қатар, жаңа органға мемлекеттік ақпараттық жүйелерді пайдалануды шектеу және деректер алмасу деңгейін реттеу өкілеттігі беріледі.
Бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін жыл сайын мемлекеттік бюджеттен 4-6 миллиард драм (шамамен 10,5–15,7 миллион АҚШ доллары) аралығында қаражат бөлу жоспарланған. Талқылау қорытындысы бойынша бұл бастама депутаттық комиссияның оң қорытындысын алды.
Бұған дейін Қазақстан президенті Қауіпсіздік кеңесінің киберқауіпсіздік мәселелеріне арналған отырысын өткізгені хабарланған болатын.