Арменияда ұлттық келісім үкіметі құрылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Армения президенті Серж Саргсян бірнеше айдан кейін ұлттық келісім үкіметі құрылатынын мәлімдеді. Бұл туралы республика басшысы дүйсенбі күнгі қоғам, билік, дін өкілдерімен кездесуде жариялады. Кездесуде Еревандағы полиция бөлімін қарулы күштердің басып алуынан кейінгі жағдай талқыланды, деп хабарлайды ТАСС.

«Қазіргі біздің мақсатымыз ұлттық келісім билігін құру, ондағы шешімдер ауқымды келісіммен жүзеге асырылады»,- деп атап өтті президент. «Осы мәселе бойынша Армения Конституциясына түзетулер енгізілді, бұл реформалар осындай биліктің негізі болмақ», - деді ол.

 «Ұлттық келісім билігі өзін таппай жүрген жанның креслоға келіп отыруы үшін емес, ауқымды саяси жауапкершілікті бөлісу үшін құрылады, - деп ұғындырды Саргсян. - Институционалды негізін қамтамасыз етіп үлгердік».

«Бірнеше айдан кейін дәл осындай үкіметтің, дәл осындай биліктің болатынын сенімділікпен айта аламын», - деп мәлімдеді республика басшысы.

Ұлттық келісім үкіметін құру - оппозиция көтерген талаптардың бірі.