Арменияның Армавир облысында Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды

АСТАНА. KAZINFORM — Арменияның Армавир облысында Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: Мирас Қуандықов/Kazinform

Ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Армениядағы елшісі Болат Иманбаев, ҚР Сыртқы істер министрлігі аппаратының басшысы Амангелді Саинов, облыстық әкімдік пен Арменияның сыртқы саяси ведомствосының өкілдері қатысты.

Фото: Мирас Қуандықов/Kazinform

Қазақстан Республикасының Армавир облысындағы Құрметті консулы болып Гарник Казарян тағайындалды. Консулдықтың негізгі міндеттері — Армения аумағында жүрген Қазақстан азаматтарына консулдық-құқықтық және заңгерлік көмек көрсету, кәсіпкерлік қызмет саласында ақпарат беру, сондай-ақ екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық және экономикалық байланыстардың дамуына жәрдемдесу.

Қазақстанның Армениядағы елшісі Болат Иманбаевтың айтуынша, Армавир облысында ҚР Құрметті консулдығының ашылуы екі елдің өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға және практикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге деген ортақ ұмтылысын көрсетеді.

Фото: Мирас Қуандықов/Kazinform

— Құрметті Гарник Манвелович, сізге жоғары әрі жауапты миссия жүктеліп отыр. Сіздің қызметіңіз екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды одан әрі нығайтуға, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты ілгерілетуге, сондай-ақ консулдық округ аумағындағы Қазақстан Республикасы азаматтарына тиімді қолдау көрсетуге бағытталады деп сенеміз. Құрметті консулдықтың жұмысы қазақ-армян ынтымақтастығын практикалық мазмұнмен толықтыруға, өзара сенімді нығайтуға және мемлекеттеріміз арасындағы достық қатынастарды одан әрі дамытуға ықпал етеді деп кәміл сенеміз, — деді Қазақстан елшісі Болат Иманбаев ашылу рәсімінде.

Бұған дейін Қазақстанның Армениямен әуе қатынасын кеңейтіп жатқаны хабарланған болатын.