Арменияның бұрынғы президентіне айып тағылды
ЕРЕВАН. KAZINFORM — Арменияның экс-президенті Серж Саргсянға аса ірі көлемде пара алу және заңсыз кәсіпкерлік қызметке қатысу бойынша айып тағылды. Қылмыстық іс сотқа жолданды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Армения Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитетінің мәліметінше, Серж Саргсян 2000–2018 жылдар аралығында Қорғаныс министрі, Премьер-министр және ел Президенті қызметтерін атқара отырып, қызметтік өкілеттігін пайдаланып, сенімді тұлғалар арқылы кәсіпкерлікпен айналысатын бірқатар коммерциялық ұйым құрған.
Алдын ала тергеу барысында оған аса ірі көлемде пара алу және заңмен тыйым салынған заңсыз кәсіпкерлік қызметке қатысу бойынша ресми айып тағылды.
Қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, айыптау қорытындысымен бірге іс материалдары Арменияның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сотына жолданды.
Бұған дейін Армения премьер-министрі Никол Пашинян Арменияның Тергеу комитеті «Қасиетті күрес» қозғалысының қатысушылары мен көшбасшылары террористік әрекеттер мен билікті басып алуды жоспарлағаны туралы мәлімдемесіне пікір білдірген болатын.