Арменияның Капан қаласы ТМД жастарының 2026 жылғы астанасы деп танылды

Фото: verelq.am

АСТАНА. KAZINFORM – ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің шешімімен Арменияның Сюник провинциясындағы Капан қаласы 2026 жылғы ТМД жастары астанасы болып жарияланды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

АР Білім, ғылым, мәдениет және спорт министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Капан қаласында 2026 жылы «ТМД жастарының астанасы» бағдарламасының негізгі іс-шаралары өткізіледі. 

Оларға мыналар кіреді:

* бағдарламаның ашылу және жабылу салтанаты;

* ТМД жастар форумы;

* достастық елдерінің жастары үшін лагерьлер, тренингтер және дөңгелек үстелдер; 

* Капанның жастар бағдарламасы аясындағы мүмкіндіктерін таныстыру;

* ТМД Жастар мәселелері кеңесінің отырысы.

Ведомствоның хабарлауынша, «ТМД жастар астанасы-2026» және «Арменияның жастар астанасы-2026» бағдарламаларын қаржыландыру мен кадрлық әлеует іс-шаралардың тиімділігін арттыру және Капанның жергілікті, республикалық және аймақтық деңгейде танымалдығын арттыру үшін біріктіріледі.

Еске сала кетсек, Алматы 2026 жылы ТМД-ның спорт астанасы мәртебесіне ие болды.

Бұған дейін еліміздің ТМД мемлекеттерімен жалпы тауар айналымы $37,3 млрд-ты құрағанын жазған болатынбыз.