Арменияның Конституциялық соты парламент сайлауының қорытындысын күшінде қалдырды

АСТАНА. KAZINFORM – Арменияның Конституциялық соты Орталық сайлау комиссиясы бекіткен парламент сайлауының қорытындысын күшінде қалдырды. Бұл туралы DW жазды.

Фото: АrkaNews agancy

Арменияның Конституциялық соты 7 маусымда өткен парламент сайлауының Орталық сайлау комиссиясы 14 маусымда жариялаған нәтижелерін күшінде қалдырды. Тиісті шешім 4 шілде, сенбі күні жарияланды.

Баспасөзге арналған мәлімдемеде сот Армения ОСК-ның елдің Ұлттық жиналысына, яғни парламентіне өткен сайлау нәтижелері көрсетілген шешімін өзгеріссіз қалдыруға қаулы еткені айтылған.

– Бұл шешім түпкілікті болып саналады және жарияланған сәттен бастап күшіне енеді, – делінген хабарламада.

Сайлау нәтижелерін жарамсыз деп тану туралы талап-арыздарды 19 маусымда жеті саяси партия берген. Олардың қатарында Ресейлік миллиардер Самвел Карапетянның оппозициялық «Күшті Армения» блогы, бұрынғы президент Роберт Кочарянның «Армения» блогы және елдегі ең бай адамдардың бірі Гагик Царукянның «Гүлденген Армения» партиясы бар.

Конституциялық сот барлық өтінішті бір өндіріске біріктіріп, оны қарауды 26 маусымда бастаған. Заң бойынша парламент сайлауының қорытындысын жою туралы талап бойынша Конституциялық сот 15 күн ішінде шешім қабылдауы тиіс.

Армениядағы парламент сайлауының түпкілікті қорытындысына сәйкес, ел парламентіне тек үш саяси күш өтті. Олар – 2018 жылдың көктемінен бері билікте отырған премьер-министр Никол Пашинянның «Азаматтық келісім» партиясы, сондай-ақ проресейлік «Күшті Армения» және «Армения» блоктары.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, «Азаматтық келісім» партиясына сайлаушылардың 49,75 пайызы дауыс берген. Бұл партияға 64 мандат алуға мүмкіндік берді. «Күшті Армения» 23,27 пайыз дауыс жинап, 29 мандатқа ие болды. Ал «Армения» блогы 9,92 пайыз дауыс алып, 12 мандат иеленді.

Осылайша, еуроинтеграция бағытын ұстанатын Пашинян партиясы жаңа үкіметті жеке өзі құруға мүмкіндік алды.

Ал «Гүлденген Армения» партиясына парламентке өту үшін қажет 4 пайыздық межеден асуға небәрі 0,0107 пайыз дауыс жетпей қалды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Армениядағы сайлауда Пашинян өз партиясының жеңіске жеткенін мәлімдегенін жаздық.

Ал Қасым-Жомарт Тоқаев Никол Пашинянды сайлаудағы жеңісімен құттықтады.