Арменияның TRIPP жобасы Конституциялық сотта қаралады

АСТАНА. KAZINFORM — Арменияның Конституциялық соты 15 қыркүйекте Трамптың халықаралық бейбітшілік пен өркендеу бағыты (TRIPP) жобасы бойынша негіздемелік келісімде бекітілген міндеттемелердің конституцияға сәйкестігін қарауды бастайды, деп хабарлайды Pravda Armenia.

Фото: Baku.ws

Арменияның Конституциялық сотының хабарлауынша, істі қарау жазбаша түрде өтеді. 

Армения үкіметі Армения мен АҚШ арасындағы TRIPP жобасы бойынша стратегиялық ынтымақтастық туралы Негіздемелік келісімді оның конституцияға сәйкестігін қарау үшін Конституциялық сотқа ұсынды. Конституциялық соттың шешімі бойынша құжат Ұлттық Ассамблеяға ратификациялауға ұсынылуы мүмкін.

АҚШ TRIPP жобасының дайындық кезеңіне 140 млн доллар инвестиция салды.

Бұған дейін Армения мен АҚШ TRIPP жобасы аясында бірлескен компания құратынын жазған едік. 

Еске салсақ, 2025 жылдың 8 тамызында Вашингтонда өткен үшжақты кездесуден кейін Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Армения премьер-министрі Никол Пашинян және АҚШ президенті Дональд Трамп Баку мен Ереван арасындағы бейбіт келісім туралы бірлескен декларация қабылдады. Оның негізгі ережелерінің бірі Трамптың халықаралық бейбітшілік пен өркендеу бағыты (TRIPP) жобасының бөлігі ретінде Әзербайжанның құрлықтық бөлігі мен Нахчыван автономиялық республикасы арасында көлік байланысын орнату болды.