Арменияның ірі кешендерінің бірінде Димаштың концерті өтеді
21:03, 15 Қаңтар 2023
АСТАНА. ҚазАқпарат – Арменияның ірі кешендерінің бірінде Димаш Құдайбергеннің «Stranger» шоуы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат dimashnews.com сайтына сілтеме жасап.
Димаш Құдайбергеннің жеке концерті 29 сәуірде өтеді деп жоспарланып отыр.
Жаңа ауқымды шоу Карен Демирчян атындағы спорттық-концерттік кешенде қойылмақ. Бұл – Еревандағы ең ірі концерттік кешендердің бірі. 2005 жылы нысанды жаңарту қолға алынып, ол үш жылда заманауи жоғары деңгейлі спорттық және концерттік аренаға айналды. Дыбыс жүйесі жақсартылып, 12 мың көрерменге арналған трибуналар орнатылды. Бұл кешен – шын мәнінде бірегей құрылым, өйткені көрермендер аренаның кез келген бөлігінен әртісті жақыннан ести алады. Стадионның пішіні көрермен үшін де, орындаушының өзі үшін де өте ыңғайлы.