Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов Ленинградты азат етуге және Днепр шайқасына қатысқан ардагерлермен кездесті

None
СЕМЕЙ. Қаңтардың 24-і. ҚазАқпарат /Лина Славина/ - Ұлы Отан соғысының семейлік ардагерлері бүгін Халық Қаһарманы, егемен Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовпен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Кеңес Одағының Батыры, Ұлы Отан соғысының ардагері Сағадат Нұрмағамбетов майдангер достарымен кездесуін екі маңызды оқиғаға - Днепрдегі тарихи шайқас пен Ленинградты азат ету шайқасына арнады. «Бұл атаулы оқиғалар халықтың есінде мәңгі сақталады. Бұл сол қанды шайқастарда ерлікпен қаза тапқандарды, есімдері ескерткіштер мен обелискілерге қашап жазылғандарды, бейбіт өмірге аман-есен жетіп, дүниеден озған майдангерлерді еске алу кеші», - деп бастады генерал өзінің алғысөзін. Ленинград блокадасының бұзылғанына 65 жыл толып отыр, дәл сол кезде Днепр үшін шайқас да аяқталған еді. Су тосқауылын бірінші болып кесіп өткен Орталық майданның 13-ші армиясының құрамалары, оның құрамында Семейде жасақталған 8-ші атқыштар дивизиясы да болды. Кейіннен дивизия Қызыл Ту орденімен марапатталып, Ямпольскийдің атындағы дивизия деген құрметті атаққа ие болған еді. Днепр үшін шайқасқа қатысқандардың қатарында Ертістегі қалада жасақталған тағы бір дивизия - 238-ші атқыштар дивизиясы да болды (кейіннен оның атауы 30-шы атқыштар дивизиясы болып өзгертілді). 900 күнге созылған Ленинград құрсауы өткен ғасырдағы ең қайғылы және табанды соғыс болды. Ленинградты азат етуге қатысқандардың арасында семейліктер де бар еді. Олардың қатарында бүгінде көзі тірі ардагерлер: Лидия Березницкая, Татьяна Звягинцева, Балтабек Назарбеков, Василий Похалюзин, Анна Пшиченко, Тұяқбай Алпысов, Вениамин Загорчик, Сержан Рамазанов, Исағали Таңатаев, Борис Кулев, Иван Руденко, Герасим Махтеев, Илья Похабовтар бар. Осылардың біразы бүгінгі Халық Қаһарманымен кездесуге қатысты. Генерал С.Нұрмағамбетов майдангер достарымен кездесуін Жеңіс даңғылындағы Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қоюдан бастады. Кейін Офицерлер үйінде қадірлі қонақтар мен соғыс ардагерлеріне салтанатты концерттік шара ұсынылды. Кеше армия генералы С.Нұрмағамбетов Семейге келгеннен кейін «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдерінде болып, ондағы әскерилердің қызметімен және тұрмыстық жағдайларымен танысқан еді.