Армияшылардың орталық спорт клубына қарасты теннис корттары күрделі жөндеуден өтеді

АЛМАТЫ. 11 сәуір. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматыдағы Армияшылардың орталық спорт клубына(АОСК) қарасты 3 жабық теннис корты күрделі жөндеуден өткізіледі. Жөндеу жұмыстары «GSM Kcell Қазақстан» компаниясының демеушілігімен жүзеге асады.

Бұл бүгін Алматыда ұялы байланыс операторы мен «Теннис федерациясы» арасында арнайы келісімге қол қою рәсімінде белгілі болды.

«Біз бизнестегі әлеуметтік жауапкершілігі жоғары компания ретінде барлық салалардағы жобаларды қолдап жүрміз. Бұған дейін де спорттың бірнеше саласын қолдап келдік. Енді теннис спортының дамуына қол ұшын бермекпіз. Біздің ортақ іс-әрекетеміздің нәтижесінде теннис барлық санаттағы адамдар үшін қолжетімді болады деп ойлаймын», - деді «GSM Қазақстан/Kcell» компаниясының корпоративтік байланыстар жөніндегі директоры Аида Досаева.

Қазақстанның Теннис федерациясының вице-президенті Әділ Бөрлібаевтың айтуынша, «GSM Kcell Қазақстан» компаниясының демеушілігімен жөнделетін 4 теннис корты өзара келісімшартқа байланысты Қорғаныс министрлігінен Теннис федерациясының басқаруына беріледі. «Бұнымен қатар алдағы уақытта Федерация тарапынан АОСК аумағында орналасқан 9 ашық корт жөндеуден өткізіледі»,-деді Ә.Бөрлібаев. Оның айтуынша, корттарды жөндеу ең алдымен балалар теннисін дамытуға байланысты жасалып отыр. «Жөндеуден өткен соң бұл корттарда жылдың кез-келген уақытында жаттығу жасап, қазақстандық және ITF турнирлерін өткізуге мүмкіндік туады», -деді Ә.Бөрлібаев.