— Бүгінгі таңда, республикалық меншікте квазимемлекеттік сектордың 338 субъектісі бар. Оның ішінде 167-сі — республикалық мемлекеттік кәсіпорындар, 170-і — акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер. 2024 жылдың қорытындысы бойынша республикалық бюджетке, акционерлік қоғамдардың мемлекеттік акциялар бойынша дивидендтерден 165 млрд теңге, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің таза табысының бір бөлігінен 17 млрд теңге түсті, — деді ол.
Министрдің айтуынша, биылғы қазан айындағы жағдай бойынша 2023 жылы құрылған Арнаулы мемлекеттік қорға 653,2 млрд теңге түсті.
— Оның ішінде еліміздің барлық өңірінде сумен жабдықтау, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, білім беру, көлік және энергетика салаларындағы 501 әлеуметтік жобаны іске асыруға 617,7 млрд теңге бөлінді. Бұл жобалар бойынша 351 нысан аяқталды. Республикалық мүлікті жекешелендіруден осы жылдың 9 айында Ұлттық қорға 470 млн теңге түсті. Мемлекеттік активтер мен квазимемлекеттік секторды тиімді басқару бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр, — деді Мәди Тәкиев.
Бұған дейін Қаржы министрі республикалық бюджеттің негізгі көрсеткіштерін атаған еді.