БҚО әкімінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшісі Мақсат Мұқановтың айтуынша, олардың бәрі 24 сәуірден бастап қызметтеріне кірісті.
Облыс бойынша барлығы 300-ге жуық адам өтініш білдірсе, соның ішінен 94-і іріктеліп алынды. Бұлардың ішінде 8-і – офицер, қалғандары – сержанттар, қатардағы жауынгерлер.
Орал қаласында 24 адам қала көшелері мен блокпосттарда қызметтерін атқарады. Сол секілді Ақжайық ауданынан – 13, Бәйтеректен – 9, Бөрліден – 15, Жәнібектен – 16, Тасқаладан – 9, Теректіден 8 адам шақырылды. Олар сол алты аудандағы блокпосттарда іске кірісті.
«Арнаулы жиын бойынша алынғандардың барлығы әскери киім-кешекпен, жеке қорғаныс құралдарымен, тамақпен қамтамасыз етілді. Олар жалақы алумен бірге «Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы» заңына сәйкес барлық жеңілдіктерді пайдаланады. Ең бастысы, өз міндеттерін жауапкершілікпен атқарады деп сенеміз», - деді ҚазАқпарат тілшісіне М.Мұқанов.