Бұл ретте заң жобасы Экономикалық ынтымақтастық ұйымына кіретін мемлекеттер тәжірибесін ескере отырып, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау көзделеді. Осыған байланысты, атаулы әлеуметтік көмектер бұған дейін беріліп келген мөлшерден кем болмауы үшін кедейшілік шегінің 40 пайызынан 50 пайызға қарай көтеріледі. Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің тағы бір ерекшелігі егер отбасындағы азаматтар еңбек етуге қабілетті болса, онда көмек әлеуметтік жұмыс ұсыну аясындағы келісімшарт негізінде жасалады. Бұл ретте отбасының еңбек етуге қабілетті мүшелері жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысуға міндетті болады. Егер еңбек етуге қабілетті азаматтар мұндай шаралардан бас тартатын болса, онда атаулы әлеуметтік көмек тек отбасындағы балаларға ғана тағайындалатын болады.
Бұдан бөлек, төлемдерге әкімшілік етуді оңайлату мақсатында арнаулы мемлекеттік жәрдемақылардың 6 түрі оңтайландырылады. Соның ішінде тұрмысы төмен отбасыларды қолдауға арналған жекелеген әлеуметтік бағдарламалар бойынша шараларды күшейту, табысы аз отбасыларды айқындауда бірыңғай тәсіл белгілеу, кедейлік шегін өзгерту, атаулы көмектің шартсыз нысанынан әлеуметтік келісімшарт жүйесіне көшіру көзделеді.
Ана мен баланы қолдау жөніндегі шаралар кешенін күшейту мақсатында «Алтын алқамен», «Күміс алқамен» марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналарға арналған арнаулы мемлекеттік жәрдемақы көп балалы аналарға арналған жәрдемақыға өзгертіледі. Заң жобасына сәйкес, аталған өзгерістердің барлығы 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Заң жобасы Сенаттың алдағы уақытта өтетін жалпы отырысына шығарылады.