«Заң жобасы былтыр желтоқсан айтында Мәжілістің қарауына түсті. Біз бүгін оны талқылап жатырмыз. Ратификация көбіне радакциялық түзетулерге қатысты. Біз білетіндей, бүгінде біздің елдегі бүкіл арнайы экономикалық аймақтар толтырылмаған әрі жұмыстары үйлестірілмеген. Бұған мүдделі кейбір елдердің инвесторларының өз талаптары, біздің өз ережелеріміз бар дегендей. Өздерінің жобасын іске асыруға ниетті кәсіпкерлер бізге жиі шағымданады, яғни заңнаманың талаптары кейбір тұстарда бір-біріне қарама-қайшы. Өзіңіз білетіндей, үлкен ивестициялық жобаларда ұсақ-түйек қателік дегенге жол берілмейді. Осы олқылықтарға байланысты шетелдік инвесторлар біздің елде жобаларын іске асыра алмайды, нарыққа кіре алмай жатады», - деп мәлім етті Динара Шүкіжанова.
Оның айтуынша, жауапты органдар аталған заң жобасына түзетулер енгізу кезінде ірі бизнеспен қатар, шағын және орта кәсіпкерлікке ден қойған.
«Мәселен, біздің елдегі арнайы экономикалық аймаққа шетелдік инвестор кірді делік. Енді ол сол аймаққа кәсіпорын ашып қана қоймауы тиіс. Инвестор сол экономикалық аймаққа енетін аумақтардың маңайындағы бизнеске де қолдау көрсетіп, оларды дамытуы қажет. Бұл орта және шағын бизнестің назардан тыс қалмайтынын көрсетеді. Аталған заң жобасын ратификациялаудың артында еліміздегі бизнес жобаларды дамыту мүддесі тұр», - деп түсіндірді депутат.
Оның сөзінше, заң жобасын ратификациялау ЕАЭО-ға мүше елдер арасындағы бірегей жұмыс тәртібін айқындап, ықшамды жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Өз кезегінде бұл бастама елге келтін капиталдың артуына ықпал етпек.