Арнайы экономикалық аймақтар индустрияландырудың екінші бесжылдығында өсім нүктесіне айналуы тиіс - Ә. Исекешев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Арнайы экономикалық аймақтар индустрияландырудың екінші бесжылдығында өсім нүктесіне айналуы тиіс. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев мәлім етті. Айта кетейік, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне арнайы экономикалық аймақтарды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

«Экономикалық климатты жақсартуға бағытталған «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты аясында, сондай-ақ, әлемдік жағымсыз экономикалық ахуал салдарынан дамушы елдерден инвестициялардың кетуі ықтималдығының артуына қарай арнайы экономикалық аймақтар қызметін жетілдіру маңызды болып табылады.

Сондықтан да, индустрияландырудың екінші бесжылдық кезеңінде арнайы экономикалық аймақтар өсім нүктесіне айналуы тиіс. Сонымен қатар, дайын инфрақұрылымдар нәтижесінде АЭА шетелдік инвесторлар үшін жағымды хабқа айнала түсуі керек», - деді министр Әсет Исекешев.

Оның айтуынша, осы мақсатта арнайы экономикалық аймақтар қызметін жетілдіру үшін арнайы заң жобасы әзірленіп отыр. Бұл ретте әлеуеттерді іске асыру, формальды кедергілерді жою, инвестициялар үшін ынталылық жасау арқылы тартымдылығын арттыру қарастырылады.

«Құжатта ең біріншіден, басым бағыттарды айқындау шаралары қамтылады. Қолданыстағы тәжірибе басым бағыттарды айқындауға икемді болмай отырғанын көрсетті. Әрине, бастапқыда бұл жақсы көрінген, алайда даму аясында аймақтардағы кластерлерде ондай тетіктің икемділігін көтеру қажеттілігі туындады», - деді Әсет Исекешев.

Министрдің сөзіне қарағанда, заң жобасымен арнайы экономикалық аймақтарда қызметін жүзеге асыратын ұйымдарға салық салуда, соның ішінде жер салығы, корпоративтік табыс салығы, мүлік салығы және жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақыны есептеу кезінде қатысушыларға жеңілдіктер кеңейтілмек.

«Екіншіден, Инвестициялар және даму министрлігі базасында арнайы экономикалық аймақтардың бірыңғай үйлестіру орталығын құру көзделеді. 2010 жылға дейін АЭА әкімдіктермен басқарылып келді. Ал жаңа заң қабылданған 2011 жылдан бері бұл жұмысты біз үйлестірдік. Ендігі күні бірыңғай стандарттар енгізу үшін үйлестіруді онан сайын нақты қолға алу қажеттігі туындап отыр. Бұл ретте жобалардың сапасына бақылау, басқарудың сапалы жүйесін енгізу көзделеді», - деді Әсет Исекешев.